Бүгін еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау шараларын түсіндіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері елордамыздағы «Дилан куш» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғау, әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайту, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету кәсіподақтардың тұрақты бақылауында екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Т.Күнәділов өз сөзінде қауіпсіздік және еңбекті қорғау тұрғысынан еңбек заңнамасының жаңа нормалары мен ережелері туралы айтты. Бұдан былай әр жұмыс беруші еңбекті қорғауды басқару жүйесін, тәуекелдерді басқарудың кәсіби жүйесін енгізуге, сондай-ақ электронды еңбек келісімшарттарының есебін жүргізуге міндетті. Құрылыс кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану деңгейі өте жоғары болғандықтан, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмысты жалпы үйлестіруге бас мердігер жауап беретін норма енгізілді. Енді бас мердігерлер апат үшін барлық жауапкершілікті қосалқы мердігерлерге аудара алмайтын болды.
«Дилан куш» ЖШС-нің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау инженері Галина Хабарованың айтуынша, қазіргі таңда «Мирадж» тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылыс алаңында 11 мердігерден 68 жұмысшы еңбек етуде. Барлық жұмысшылар арнайы жұмыс киімімен, каскамен, аяқ киіммен қамтылған.
«Құрылысшылар еңбекақыларын уақтылы алып отырады. Еңбек қауіпсіздігін бақылауда ұстаймыз. Әрине, оны мердігерлерге түсіндіріп, қадағалайтын боламыз. Біз 20 жылдан астам құрылыспен айналысып келе жатырмыз, әзірге ешбір жазатайым оқиға тіркелген жоқ», – дейді «Дилан куш» ЖШС-нің бас директоры Екатерина Жұмағалиева.
Мемлекеттік еңбек инспекторы Асқар Түрікпенбаев атап өткендей, жыл басынан бері елордамыздағы құрылыс алаңдарында 30 адам жарақат алып, 11 адам мерт болған екен. Зерттеу бойынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан орын алып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері елордамыздағы басқа да құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша кездесулер өткізеді.