Қызылордалық білім саласы кәсіподағының “Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы” анықталды

“Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылының” аясында ұйымдастырылған республикалық байқаудың білім саласы бойынша облыстық кезең өз мәресіне жетті.

Ұжымдардағы кәсіподақ жұмыстарының үйлестірілуі, еңбеккерлерге жасалатын жағдай мен көрсетілетін қолдаулардың жүзеге асырылуы және ұжымдық бірлік пен ынтымақты арттырудың озық үлгілері сараланған байқаудың сараптама комиссиясының шешімімен І орынға Қызылорда қаласындағы Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы лайық деп танылып, «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» кубогімен және Дипломмен марапатталды. Кәсіподақ төрағасыБаян Асылбекқызына еңбек ұжымдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының беделін арттырып, кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ынтымақтастығын дамытуда белсенді үлесі үшін Алғыс білдіріліп, мектеп ұжымындағы 7 кәсіподақ белсендісіне облыстық білім кәсіподағы атынан Түркістан облысындағы «Таң Нұры» шипажайына тегін жолдама ұсынылды.

Ал, жүлделі ІІ орынға Арал ауданы Н.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымы қол жеткізіп, арнайы Диплом және мектеп ұжымындағы 5 кәсіподақ белсендісіне тегін жолдама берілді. Байқаудың жүлделі ІІІ орыны Шиелі ауданы Пушкин атындағы №46 мектеп пен Жалағаш ауданы Әл-Фараби атындағы № 201 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарына табысталып, оларға арнайы Диплом және мектеп ұжымдарындағы 3 кәсіподақ белсенділеріне тегін жолдамалар ұсынылды.

Облыстық кәсіподақтар орталығының Мәжіліс залында өткен марапаттау рәсіміне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Ы.Нәлібаев қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.