Үшжақты комиссияда ереуілге шыққан жұмысшылардың мәселелері қаралды

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің бастамасымен жуырда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин төрағалық етіп, өңірдегі мұнай сервистік компаниялар мен жуырда жұмысшылары жалақыға қатысты наразылығын білдірген бірқатар серіктестіктердің жай-жапсары талқыланды. Комиссия отырысында «Синопэк», «БПШУ Қазақстан», «Автопарк», «Ақтөбе саулет» мекемелерінің мәселелері қаралды.

«Синопэк» және «БПШУ Қазақстан» серіктестіктерінің өндіріс ауқымының азаюына байланысты жұмыссыз қалған еңбеккерлерін әлеуметтік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту жайы қарастырылды. Ал «Ақтөбе саулет» мекемесінің жұмысшылары жақын арада өз жалақыларын алатын болды.

Жуырда Ақтөбедегі «Автопарк» компаниясының жүргізушілері өткен айдың жалақысын беруді талап етіп, жұмысқа шықпады. Осы ереуілге шыққан жолаушылар тасымалымен айналысатын серіктестік жұмысшыларының талабын орындау, жалақыны дер кезінде кешіктірмей төлеу және шоттары бұғатталған жүргізушілерге де жалақы алу мүмкіндігін қарастыру жайы да комиссияда қаралып, мәселе оң шешімін табатын болды.

«Басты мақсат – жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, оларға лайықты жалақы төлеу, әрі еңбектегі қауіпсіздік шараларын сақтауға ықпал ету. Біз өз тарапымыздан еңбек дауларының алдын-алу, еңбек шиеленістерін болдырмау, мәселелерді оң шешу мақсатында әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізудеміз», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы, комиссияның тең төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.

Үшжақты комиссияның отырысы хаттамамен бекітіліп, орындау үшін тараптарға жіберілді.