Батыс Қазақстан өңірінде кәсіподақ өкілдерінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар және Снежанна Имашевамен кездесуі өтті.
Шара барысында облыстық кәсіподақ төрағасының орынбасары Бауыржан Атауов сөз бастап, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысындағы кәсіподақтың хал-ахуалын, өзекті мәселелерін атап көрсетті. Кездесуге қатысушы салалық жергілікті кәсіподақ төрағалары мен мамандары әр саладағы қиындық туғызушы жайттар мен жұмыскерлердің ұсыныстарын депуттарға жеткізді.
«Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасы Серік Сүлеймен жергілікті халықты уайымдатып жүрген ауқымды 2 мәселені атап көрсетті. Олар, ең алдымен, зейнеткерлерге, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына берілетін көмектің айлық есептік көрсеткішке тікелей тәуелділігі, яғни, бұл соманың Үкіметпен бекітілген азық-түлік себетін сатып алуға жеткіліксіз екендігі. Екіншіден, ұзақ уақыттан бері өзекті мәселе – автокөліктер мәселесі. Осы сұрақтардың шешу жолдары бойынша мардымды ұсыныстар депутаттарға жеткізілді.
Өңірдегі іс-сапар барысында халық қалаулылары еңбек қатынастары мәселесін көтеріп келе жатқандығы жөнінде баяндады. “Қашықтықтан жұмыс жасау еркіндігі, делдалдар арқылы жұмыс жасаудың қиындықтарын жақын арада қабылданатын заңда қарастыралады”, – деп жеткізді Снежанна Валерьевна.