Кәсіподақтық онлайн білім марафоны жалғасуда

ҚР Кәсіподақтар федерациясының  кәсіподақтық онлайн білім марафоны жалғасуда. Бүгін кәсіподақтық дәріскерлер Павлодар облысының  және «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ  кәсіподақ активіне  дәріс оқыды.

Семинарды ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева ашып, кәсіподақ кадрлары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру – жаңа кәсіподақ идеологиясын ілгері бастырудағы стратегиялық шара екенін атап өтті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бұдан соң федерациядағы Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов еліміздегі еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгімелеп берді.

Атап айтқанда, ол «Қазақстан Републикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заңын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетіндегі  бөлім бастығы Айжан Ибраева әлеуметтік әріптестікті дамыту, ұжымдық шартты әзірлеу технологиясы мен оны іске асыру тетіктеріне тоқталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастыру -бақылау жұмысы департаменті бастығының орынбасары Ләззат Есжанова еңбек заңнамасының қолданылуы турал айтып берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысушылар атынан «Павлодар облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің  төрайымы Динара Нұржанова дәріскерлерге және  Кәсіподақтар федерациясының басшылығына бүгінгі семинар үшін алғысын білдірді.

«Бүгін біз күнделікті жұмысқа қажетті ақпаратпен қанықтық.  Семинарға қатысып отырған кәсіподақ белсенділері оны өз игіліктеріне жаратары сөзсіз. ҚР Кәсіподақтар федерациясына  еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістермен дер кезінде құлақтандыруға бағытталған осы семинар үшін барлық әріптестер атынан алғыс білдіремін»,- деді Динара Нұржанова.

Семинарды қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева өз сөзінде кәсіподақтық онлайн білім марафонындағы дәрістер тақырыбы  қырүйек айынан бастап кеңейтілетінін ескертті.

«Сіздерге бүгінгі белсенділіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін.  Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ қызметкерлері мен активінің кәсіби біліктілігін дамытуға баса мән береді. Сондықтан қыркүйек айынан бастап дәрістердің тақырыбы медиация жүргізу, еңбек дауларын шешу және  кәсіподақтардың күнделікті жұмысына қажетті өзге де тақырыптармен толықтырылатын болады», -деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Жалпы кәсіподақтық онлайн білім марафоны аясында бүгінге дейін 30-дан астам  семинар өткізілді. Жыл  соңына дейін тағы  30-ға жуық семинар өткізу жоспарлануда.