Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында комиссияның құрамына енгізілген өзгерістер туралы хабарлады.
Енді комиссияға облыс әкімі төрағалық етеді. Алқаның жаңа мүшелері ретінде аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев төраға орынбасары, Манарбек Еспенбетов жұмыс берушілердің тарапынан мүше ретінде қосылса, Мұхитжан Кәрімбаев Қызылорда облыстық энергия консорциумының төрағасы, Омархан Пашкенов ҚР Фермерлер қауымдастығының облыстық филиал төрағасы қызметіне тағайындалды.
Отырыста еңбек даулары мен өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын-алу бағытындағы шаралар талқыланды.
Жиында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов жыл басынан бері облыста кәсіпорындар мен мекемелерде 91 тексеру жүргізіліп, 151 заңбұзушылық анықталғанын тілге тиек етті. Оларды жою және болдырмау жөнінде 65 нұсқама беріліп, оның 58-і орындалса, 151 бұзушылықтың 125-сі жойылған, қалғандарының мерзімі бар.
Тексеру қорытындысымен 896,9 мың теңге мөлшерінде 12 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың 493 өтініші қаралып, белгіленген тәртіпте жауап берілген.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша комиссия төрағасы өңірдегі мекемелердің еңбеккерлерге жалақы және өзге де берекешектері туралы нақты деректерді жариялап, жауапты мамандардан есеп алды. Ол бойынша Жыл басынан бері ықпал ету шаралары нәтижесінде 8 кәсіпорынның 1911 жұмыскеріне 209,6 млн. теңге жалақы қарызы төленгендігі хабарланды.
Сонымен қатар, аймақтық мұнай компанияларының ұжымдық арыздары бойынша “Петро Қазақстан”, “КАМ” мұнай компанияларының басшыларымен және аталмыш кәсіпордардың кәсіподақтарының төрағалары Б.Мұқашова мен А.Абдреевпен тілдесіп, ұжымдық ахуалды зерделеп, оның шешу жолдарын комиссия мүшелерімен бірге талқылады. Жиын барысында облыс әкімі Г.Әбдіқалықова аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы М.Ы.Нәлібаевтың пікірін тыңдап, оның басшылық пен ұжым арасындағы кездесулерді жиілету жөніндегі ұсынысын жұмыс барысында жедел түрде жүзеге асыруды және ұжымдық арыздар бойынша жалақы көтеру мәселесін оңтайландыруды, еңбеккерлердің талап-тілегін мүмкіндігінше қанағаттандыруды тапсырды. Тапсырмаларды қадағалау тиісті сала бойынша әкім орынбасары Н.Тілешовке жүктелді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі компания басшыларына өндірістік жазатайым оқиғаларын алдын-алу бойынша тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Ал, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері және облыстық басқарма басшыларына облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп, жұмыс берушілер және жұмысшы ұйымдарымен бірлесіп, үшжақты комиссия қызметінің тиімділігін арттыруды міндеттеді.
– Туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн. Сол үшін жедел әрекет жасап, кез келген диалог түрлерін пайдаланыңыздар. Әр аптаның сәрсенбі күні еңбек заңнамасын түсіндіру үшін «Ашық есік күндері» ұйымдастырылсын. Бұл мәселелер жеке бақылауымда.
Компаниялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныстар 5 күн мерзімінде әзірленсін. Біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат», – деді облыс әкімі.
Комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алу облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменоваға жүктелді.