Дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Оралда «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбында өңіріміздің білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз конференциясы өтті.

Кеңес жұмысына облыс əкімі Ғ.Есқалиев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Назарбаев Зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымының, «BilimMediaGroup» компаниясының өкілдері, білім беру саласының ардагерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Батыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы филиалы өкілдері, Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшылары, білім беру жəне ғылым қызметкерлерінің облыстық кəсіподақ ұйымының төрағасы, білім беру бөлімдерінің жəне оқу орындарының басшылары, мұғалімдер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Конференция барысында облыстың білім беру жүйесіндегі мəселелер, өңірдегі білім беру саласының қазіргі ахуалы талқыланып, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктері атап өтілді.

Пленарлық мәжілісте онлайн байланысқа шыққан ҚР БҒМ «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының директоры Манара Адамова 2021-2022 оқу жылында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру жұмыстарын таныстырса, «Ұлттық Ұстаз» онлайн академиясының директоры Гүлмира Корғанбаева әлемдік ғылым көшіне ілесудің алғышарттарын тарқатып, жаңа мектептің үлгісін қалыптастыруға тоқталды. Сонымен қатар, жергілікті ұстаздар түрлі тақырыпта баяндамалар оқыды.

Спикерлердің идеялары тыңдалған пленарлық мәжілістен соң үздік ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің, қала басшысының және облыстық педагог қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталды.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен Орал қалалық №5 ЖОББМ бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы, кітапхана меңгерушісі Гүлсара Табенова, Орал қалалық №40 ЖОББМ бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы, алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Азамат Садыров марапатталды.