Кәсіподақтық онлайн білім марафонының дәріскерлері қостанайлық кәсіподақ белсенділерімен кездесті

Кәсіподақтық онлайн білім марафоны бүгін Қостанай облысында жалғасын тапты.  Кәсіподақ кадрларының, кәсіподақ активінің және кәсіподақ мүшелерінің жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған марафонның кезекті семинарын ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Төраға орынбасары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы жалақы мәселесіне қатысты айтылған бастамаларына тоқталып, 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақысы 20 пайызға өсетін мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және бюджеттен қаржыландырылатын осы сияқты өзге азаматтарды жағымды жаңалықпен құттықтады.

«Жалақының мардымсыздығы – еңбек ұжымдары мен кәсіподақ мүшелері тарапынан, әсіресе, бюджет саласы қызметкерлері тарапынан  «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясындағы кездесулерде жиі көтерілетін сұрақ. Кәсіподақтар федерациясы мұны былтырғы съезден бері түрлі алаңдарда үсті-үстіне көтеріп келеді. 2020-2025 жылдарға арналған «Әділдік пен дамуға – бірлікте» стратегиясында да басым бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Содан бері бұл бағытта біраз алға жылжу болды. Мәселен, біз Үкімет, республикалық кәсіподақтар бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы  2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге ХЕҰ-ның № 131 Конвенциясын ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекітуге қатысты мәселелерді енгізе алдық. Қазір әлеуметтік әріптестермен аталған мәселелер бойынша жұмыс жасаудамыз. Сондықтан кеше Президенттің жалақыға қатысты  Үкіметке берген тапсырмаларын ортақ жеңіске балауға болады»,  —  деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Нұрлан Өтешев бұдан кейін семинар қатысушыларына «Ем ал! Демал! Білім ал!»  атты жаңа кәсіподақ жобасын таныстырды. Кәсіподақтық  білім беру -сауықтыру жобасы  пилоттық режимде  биыл елордадағы  «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының базасында іске қосылады.  «Ем ал! Демал! Білім ал!»  – кәсіподақ мүшелеріне  аталған орталықта 10 күн ішінде денсаулығын сауықтырып, кәсіподақтар жұмысына қатысты 10 түрлі тақырып бойынша 10 сағаттық дәріс тыңдауына мүмкіндік береді.  Кәсіподақтық жолдама құны – 93 мың теңге. Оған кететін шығынды  МӘМС-дан қаражат тарту арқылы азайтуға болады.

Семинарды бұдан әрі Кәсіподақтар федерациясындағы Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова жалғастырып,  еңбек қатынастарын реттеудің өзекті мәселелеріне,  еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдарына тоқталды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Федерациядағы Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов әдеттегідей еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды сөз етті. Атап айтқанда,  қашықтықтан жұмысты ұйымдастыруға қатысты еңбек заңнамасындағы жаңалықтарды кеңінен түсіндіріп берді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Семинар бұдан соң сұрақ-жауапқа жалғасып, қатысушылар дәріскерлерден өздерін қызықтырған сауалдарға тұшымды жауаптарын алды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл – кәсіподақтық онлайн білім марафонының екінші айналымы.  2021 жылдың маусымынан бастап Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен салалық кәсіподақтардың, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ активтері үшін 30-дан онлайн -семинар өткізілді.  Марафон жылдың соңына дейін созылады. Үшінші айналымда тұрақты дәріскерлер қатары өсіп, дәрістердің тақырыптары да кеңейтілетін болады.