Кәсіподақ қолдау көрсетуде

Жаңа оқу жылы қарсаңында Хромтау қаласының екі мектебі республикалық «Мектепке жол» акциясы төңірегінде ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы “Қазхром” ТҰК” АҚ филиалы- Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің көмегіне жүгініп, өтінім хат жолдаған болатын. Олардың қатарында №1 және осы жылы жаңадан ашылған №7 мектеп-интернаты бар. Сондай-ақ, қарауларында мектеп жасындағы балалары бар комбинат зейнеткерлеріне де қолдау көрсетілді.

Дөң тау-кен байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің жыл сайынғы акцияда ата-аналар мен балаларға материалдық көмек беруі игі үрдіске айналған.

«Қазхромдағы» айтулы қайырымдылық акциясынан бөлек, кәсіподақ комитеті Хромтау қаласының №1 мектеп және №7 мектеп-интернаты оқушыларына және қамқорлығында балалар бар комбинат зейнеткерлеріне оқу құралдарға толы 40 мектеп сөмкесін әзірледі. Оның ішінде көпбалалы отбасы, бір ғана ата-ананың қарауындағы балалар, ауыл аймақтан келген интернет оқушылары бар. Қаладағы бірінші мектепке әр жыл сайын кәсіподақ комитеті қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы ашылған 453 бала білім алып жатқан мектеп-интернат та кәсіподақ қолдауына екінші жыл ие болып отыр.

– Білім ордамызда 602 оқушы білім алуда. Олардың арасынан шын көмекке мұқтаж балаларды іріктедік. Жыл сайын оқушыларды «Мектепке жол» акциясы аясында жаңа оқу жылына толығымен дайындап береді. Оқушыларға демеушілік көрсететіп жатқан қаламыздағы іргелі Дөң тау-кен байыту комбинатының кәсіподақ комитетіне алғысымызды білдіреміз, – деді ауданның №1 мектеп директоры Айжан Әбдірахманова.

Комбинаттың кәсіподақ комитетінің орынбасары Жарас Бесенов бастауыш және жоғары сынып оқушыларына дайындаған жиынтықтарын табыстап, оларға жаңа оқу жылында  сәттілік тіледі.

Сондай-ақ қаладағы жаңа оқу орны мектеп-интернат болғандықтан, санитарлық талаптар үшін оқушыларға маска да керек екендігін жеткізді.

Жалпы, «Қазхромның» ұжымдық шартына сәйкес оқу жылының басына қарай қызметкерлердің арасында көпбалалы отбасылардағы әр балаға төлем жүргізілді. Биыл екі мыңнан астам мектеп оқушысына осындай көмек берілген. Бұл мақсаттарға компания 60 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Дөң тау-кен байыту комбинатында ұжымдық шарт бойынша төлемдерден бөлек, үш баласы бар отбасыларға кәсіподақ комитетінің қосымша ақшалай көмегі берілді.