Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар федерациясы мен оның мүшелiк ұйымдары ҚР Президентiнiң Жолдауда айтқан еңбек адамдары үшiн өте маңызды бастамаларын, соның iшiнде ең төменгi жалақыны көтерудi зор ықыласпен қабылдады.
Нарық жағдайында ең төменгi жалақы жалақының деңгейiн мемлекеттiк реттеудiң негiзгi құралдарының бiрi болып табылады. Себебi ол жұмыскердi жұмыс берушiнiң еңбек құнын өз еркiмен анықтауынан қорғауға арналған.
Сөзсiз, жалақы қоғам мүшелерiнiң көпшiлiгi үшiн олардың әл-ауқатының негiзi болды және солай болып қала бередi әрi сол арқылы қоғамдық құрылымның әлеуметтiк әдiлдiгi туралы түсiнiк қалыптасады.
Кәсiподақтар федерациясы әр түрлi алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйектi түрде жоғарылату, оның iшiнде ең төменгi жалақыны көтеру мәселесiн шешуге бастама көтердi. Мемлекет басшысының бүгiн берген тапсырмалары iс жүзiнде «халық үнiне құлақ асатын мемлекет» құрудың жарқын мысалы болып табылады.
Ең төменгi жалақының 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсуi әр түрлi меншiк нысанындағы кәсiпорындарда барлық салада жұмыс iстейтiн миллионнан астам адамға әсер етедi.
Жұмыс iстейтiн қазақстандықтардың өмiр сүру деңгейiн жақсарту үшiн маңызды және өте қажет қадам жасалды. Ең төменгi жалақының көтерiлуiнен тұрғындардың барлығы пайда көредi. Бұл жалақының аз болса да номиналды өсуiн бiлдiредi. Ең төменгi жалақының өсуi — аматтардың экономикалық тәуелсiздiк деңгейiнiң жоғарылауы. Екiншiсi — мемлекеттiк әлеуметтiк бағдарламаларға жұмсалатын шығыстарды бұған дейiн еңбек ақысы аз болып, осы көмектi алып келген адамдардың санын азайту арқылы төмендету. Үшiншiден, еңбек шығынының өсуi, жұмыс берушi өзiнiң өнiмдiлiгiн арттыруға ұмтылады яғни оған жоғары жалақы алатын және бiлiктi жұмысшылар қажет болады. Төртiншi — жасырын жалақыны «көлеңкеден» шығару.
Жалақының деңгейi мен динамикасы — елде жүргiзiлiп жатқан экономикалық реформалардың әлеуметтiк тиiмдiлiгiн бағалаудың негiзгi өлшемдерiнiң бiрi. Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгi жалақының өсуi жалпы iшкi өнiмнiң (ЖIӨ) 1,5 пайызға өсуiне сеп болады.
Жалақы — 6,5 миллион қызметкердiң негiзгi табыс көзi. Президент атап өткендей, жалақы қорының өсуi кәсiпорын иелерi кiрiсiнен 60 пайызға артта қалды. Кәсiподақтардың пiкiрiнше, Мемлекет басшысының жұмыс берушiлердi жұмысшылардың жалақысын көтеруге ынталандыру туралы шешiмi жұмыс берушiнiң өз қызметкерлерiнiң алдындағы әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыруға оң серпiн бередi.
Бiз сондай-ақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылға қарай, алдыңғы жылдары жалақыны көтеруден тыс қалған бюджет қызметкерлерiнiң (мәдениет қызметкерлерi, спортшылар, кiтапханашылар, техникалық қызметкерлер және т.б.) жалақысын жыл сайын ұлғайту туралы бастамасын тиiстi және әдiл деп есептеймiз. Себебi бұл шешiм жалақысы төмен 600 мың азаматтық қызметшiге әсер етедi.
Әрине, бұл тек бiрiншi қадам. Адамдардың өмiрiн жақсарту үшiн әлi де көп нәрсе iстеу керек. Мысалы, ең төменгi күнкөрiс деңгейiн немесе оның құны мен ең төменгi тұтыну себетi қалай қалыптасатынын қайта қарау қажет.
Соңғы жылдары жалақыны реттеу мәселесi қоғамда белсендi талқыланып, тез арада шешiлуiн талап еттi. Осыған байланысты Кәсiподақтар федерациясы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешiмiн қолдай отырып, жалпы алғанда, жұмыспен қамту, жалақы мен еңбек қатынастарын реттеу саласында заманауи, икемдi заңнамалық базаны құру қажеттiгiн атап өтедi.
Айта кету керек, өз кезегiнде ҚР Кәсiподақтар федерациясы 2021-2023 жылдарға арналған ҚР Үкiметi, республикалық кәсiподақтар бiрлестiктерi мен жұмыс берушiлердiң республикалық бiрлестiктерi арасындағы Бас келiсiмге ХЕҰ -ның № 131 Конвенциясын ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеудi заңнамалық тұрғыдан бекiтуге қатысты мәселелердi енгiзе алды. Қазiргi уақытта әлеуметтiк әрiптестер Конвенцияны ратификациялау, жалақыны жыл сайынғы индекстеу, ең төменгi жалақыны көтеру мәселесiн қарау бойынша консультациялар өткiзу үшiн жұмыс жоспары мен жұмыс тобының құрамын бекiттi.
Ел Президентiнiң Еңбек адамын әлеуметтiк-экономикалық тұрғыдан ынталандырудың маңызды шараларына бастамашы болғаны қуантады. Бұл қоғамда жалақы мәселесiне, оның мәнi мен ресурстық қамтамасыз етiлуiне бiртұтас тұжырымдамалық көзқарас қалыптасады деген үмiт тудырады.
Бiздiң бұл жердегi ұстанымымыз нақты. Егер адам жұмыс жасаса, ол кедей болмауы керек. Кәсiподақтар федерациясы әрқашан осы принциптi ұстанады және стратегиялық мақсаты — ең төменгi жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн деңгейге дейiн кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтылады.
Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар федерациясының төрағасы
https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/documents/details/208943?lang=kk