ҚР Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ кадрлары, кәсіподақ активі мен кәсіподақ мүшелерінің арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы кәсіподақтық онлайн білім марафонының кезекті семинары Ақмола облысында ұйымдастырылды.
Семинарды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева ашып, қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай ұйымдастырылғалы отырған мерекелік шаралармен қысқаша таныстырып өтті.
«4-6 қазан аралығында «2021 жылдың үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауының қорытындысы шығарылады. 8 қазан күні Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының республикалық форумы ұйымдасырылады. Форум аясында «2021 жылдың үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталады. Сонымен қатар, форумда биыл ҚРКФ БАҚ мен кәсіподақтық баспасөз-хатшылары арасында тұңғыш рет жарияланған «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық байқауы жеңімпаздарының есімі жарияланып, жүлделері табыс етіледі», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
ҚРКФ төрағасының орынбасары кәсіподақтық білім марафонының маңызына тоқталып, осы айдың аяғына таман білім марафоны жаңа тақырыптармен және жаңа дәріскерлермен толығатынын атап өтті.
Бұдан соң федерациядағы Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғыманов Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы атап айтқанда, қашықтықтан жұмысты ұйымдастыруға қатысты Еңбек кодексіне енгізілген соңғы жаңалықтарды түсіндірді.
Тимур Нұғыманов семинар қатысушыларының назарын федерация жанынан Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша екі жұмыс тобының құрылғанына аударып, мүшелік ұйымдардан ұсыныстар түсіп жатқанын жеткізді.
«Бұған сіздер де атсалыса аласыздар. Егер ұсыныстарыңызды болса, жұмыс тобына жолдаңыздар. Кейін ол үкіметтің қарауына шығарылады», – деді ол.
ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетіндегі бөлім бастығы Айжан Ибраева әлеуметтік әріптестікті дамыту, ұжымдық шартты әзірлеу технологиясы мен оны іске асыру тетіктері туралы әңгімелеп берді.
ҚРКФ-ның Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова еңбек дауларының алдын алу және шешу жолдары сонымен қатар, Келісім комиссиясының ережесі мен комиссияның еңбек дауларын шешу тәртіптері туралы айтты.
Семинарды қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы ең төменгі жалақыны көтеру туралы бастамасына тоқталды.
«Жолдаудағы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы бастамада кәсіподақтардың да үлесі бар. Қазір федерация әлеуметтік әріптесі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге ХЕҰ -ның № 131 Конвенциясын ратификациялау, ең төменгі жалақының мөлшерін айқындау әдістемесін қайта қарау бойынша жұмыс істеуде», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.
Естеріңізге сала кетейік, Кәсіподақтар Федерациясының онлайн білім марафоны 2021 жылдың маусым айынан басталды. Содан бері кәсіподақтық дәріскерлер 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаладағы мыңдаған кәсіподақ кадрлары, кәсіподақ активі мен кәсіподақ мүшелеріне 30-дан астам семинар өткізді. Марафон жылдың соңына дейін жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 30-ға жуық семинар жоспарланған.