Тасқала аудандық Қаныш Сәтбаев атындағы ЖОББМ ашылған жылдан бастап қазақ мектебінің өркендеп өсуіне зор үлес қосқан, жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ардагер ұстаз Қайырғалиева Бәтима Зейнешқызын мерейлі 70 жасқа толды.
Өзінің саналы өмірін ұстаздық жолға арнап, ақырындап жүріп, анық басқан ұстаз болуымен бірге, жас ұрпақты сабырлы мінезімен, салиқалы да салмақты ақылымен тәрбиелеп, бар жинап-терген білімін оқушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білген, балалардың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еткен ұстаздың алдында шәкірттері бас иеді.
Бәтима Зейнешқызы өз еңбек жолында әріптестеріне ақылшы, әділ басшы, адамгершіліктің биік шыңын бағындырған тұлға, үлгі тұтар ұстаз болды. Өзінің талапшылдығымен, жаңашылдыққа деген ізденісімен, оқушыларға деген ұстаздық сүйіспеншілігімен, еңбекке деген жоғары жауапкершілік қасиеттерінің арқасында еңбегі еленіп, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасы кеңесі мен ағарту ісі қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, КСРО мемлекеттік халыққа білім беру комитетінің Құрмет грамотасымен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бәтима Зейнешқызы өзі білім берген, ерекше қабілеттерімен есінде қалған, өзінің жолын қуып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап мұғалімдік мамандыққа бет бұрған оқушыларын ұстаздық пейілмен, аналық мейіріммен еске алып отырады.