Бүгін Маңғыстау облысы кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтық мәдениетін арттыру бойынша кезекті онлайн-семинар өтті.
Семинарды аша отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысушыларға Кәсіподақтар федерациясының кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыру жөніндегі бастамалары туралы айтып берді.
Оның айтуынша, ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясын іске асыру аясында Кәсіподақтар федерациясында бірқатар білім беру жобалары іске қосылды.
Нұрлан Өтешев қатысушыларға кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік, медициналық және сауықтыру-курорттық қызметтер көрсету және оларды кәсіподақ қызметінің тиісті бағыттары бойынша оқыту мақсатында әзірленген «Емдел және оқы» жаңа кәсіподақ жобасы туралы айтты.
«Білім беру мен сауықтыру жобасы ағымдағы жылы пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Адал Ниет Астана» оңалту орталығының негізінде іске қосылды. Жаңа жоба кәсіподақ мүшелеріне орталықта он күн бойы жоғары білікті мамандармен және заманауи қондырғылармен емделуді және білім алуды бірге жүргізуге мүмкіндік береді», – деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Осылайша, жобаны іске асыру жылына 12 мыңға жуық кәсіподақ мүшелерінің біліктілігін арттырумен медициналық оңалтуды біріктіруге мүмкіндік береді.
ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтар туралы айтты.
Баяндамашы еңбек заңнамасына енгізілген түзетулерге, оның ішінде қашықтықтан жұмыс істеу мәселелеріне тоқталды.
Баяндамашы қашықтан жұмыс режимін ұйымдастыру туралы түсіндірді.
ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Шерзод Пулатов еңбек дауларын шешудің балама әдістері бойынша курсты ұсынды.
«Бүгінгі күні Қазақстандағы медиация біздің елдің тұрғындары арасында оң көзқарасқа ие болды және қарқынды дамуда. Қазақстандағы медиация жан-жақты, бүгінде жаңа бағыттар да дамуда. Сонымен қатар, медиация еңбек дауларын шешу тетігі ретінде салыстырмалы түрде жақында қолданылды», – деп атап өтті дәрісші.
Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының бас маманы Майра Боранбаева әріптестерін кәсіподақ қызметінің негізгі принциптерімен және еңбек қатынастарын реттеу тәжірибесімен таныстырды.
Оның айтуынша, ҚРКФ білім марафоны кәсіподақ жетекшілері үшін әлеуметтік және еңбек саласындағы соңғы тенденциялар туралы дер кезінде білу үшін маңызды.
Семинар нәтижесінде қатысушылар Кәсіподақтар федерациясына ұсынылған интерактивті білім беру платформасы үшін ризашылығын білдірді және қарастырылатын мәселелердің практикалық құндылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы