2021 жылғы 15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ кезектен тыс II съезі өтті.
Съезд жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, салалық кәсіподақтың аймақтық филиалдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Күн тәртібінде «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ алқасының 2018-2021 жылдар кезеңіндегі есебі және 2021-2025 жылдарға арналған міндеттері, салалық кәсіподақтың бақылау-тексеру комиссиясының 2018-2021 жылдар кезеңіндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ-нің атауын өзгерту және жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, салалық кәсіподақтың тексеру комиссиясы және бақылау-тексеру комиссиясы туралы ережелерді бекіту, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамын бекіту мәселелері қаралды.
Съезге төрағалық еткен салалық кәсіподақтың төрағасы Қайрат Жаңабеков өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгілеген мемлекеттік саясаттың бағдарлары әлеуметтік мәселелерді шешуге, еліміздің өндірістік әлеуетін өсіруге, ең маңыздысы – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Бүгінде «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы кәсіпкерлік пен бизнес, сауда, кооперация мен қызмет көрсету, тауар өндіру, көлік, кәсіпорындар мен мәдениет, білім мен ғылым, фармацевтика ұйымдары, білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен студенттерді біріктіретін ұйым болып табылады. Салалық кәсіподақ құрамына 48863 кәсіподақ мүшелері, 17 мүшелік ұйымдар мен 806 астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді.
2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім жасалған. ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және ҚР Сауда және интеграция министрлігімен салалық келісім жасау келіссөздер үстінде.
Мүше ұйымдар мен филиалдар әлеуметтік әріптестерімен аймақтық келісімдер мен келісімшарттар әзірледі. Осыған байланысты кәсіподақтар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы күшейді. Филиалдар төрағалары жергілікті билік органдарымен, кәсіпкерлік
қауымдастықтармен және заңды тұлғалармен үшжақты салалық меморандумдарға бастамашылық етіп, бекітті. Мәселен, «Қазақ радиолары» ЖШС-мен еңбек шартын ресімдеу кезінде қызметкердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқықтық қолдау, мүдделерді білдіру және т.б. шеңберінде ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Әлеуметтік әріптестіктің негізгі құралы – ұжымдық шарт. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «YNTYMAQ» құрамындағы 766 ұйым ұжымдық шартпен қамтылған, бұл 92,5% қамтиды. Ұжымдық шартты орындауға жұмсалған шығын көлемі 315,15 млн. теңгені құрады.
Сонымен қатар, салалық кәсіподақ өндірісті қысқарту мен оңтайландыруға байланысты әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында тұрақты бақылау жүргізе отырады. Мәселен, уақтылы келіссөздер нәтижесінде «Родник» ЖШС-де жалақыны 20%-ға арттыруға қол жеткізілді, жалақыны көтеру туралы ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізілді.
2019 жылғы маусымда «М-Техсервис» ЖШС жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы – «Аспан» құрылды, бұл кәсіподақ «YNMATYQ» салалық кәсіподағының құрамына кірді. Осы уақыт ішінде кәсіподақтың қолдауымен жалақыны 95%-ға көтеруге және әлеуметтік пакетті жақсартуға қол жеткізілді.
Бүгінде «YNMATYQ» салалық кәсіподағының Атқару комитеті мен Алқасының 21 отырысы өткізілді.
Қайрат Жаңабеков өз сөзінде салалық кәсіподақ 2018 жылы алғашқылардың бірі болып «Smart Kasipodaq Yntymaq» қызметін кәсіподақ қызметіне енгізгенін атап өтті. Жоба кәсіподақ жұмысының тиімділігін, ашықтығын және кәсіподақ ұйымдарына адалдықты арттыруды қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Жоба «Транстелеком» АҚ бірлесіп жүргізілді.
«Smart Kasipodaq» платформасы – барлық жұмыс істейтін азаматтарға, меншіктің барлық түріндегі ұйымдар мен мекемелерге қолжетімді цифрлық алаң, оның мақсаты – кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін үйлестіру және қолдау», – деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы.
Съезд делегаттарына құттықтау сөзін арнаған ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бүгінде кәсіподақтардың алдында ең күрделі сұрақтарға жауап бере алатын,
адамдарға іс жүзінде көмектесетін халықтық кәсіподақ болу міндеті тұрғанын атап өтті.
«Бұл сіздердің кәсіподақ үшін өте маңызды, өйткені шағын және орта бизнес қызметкерлерінің саласының ерекшеліктері кәсіподақтарға ерекше сенімділікті қажет етеді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кәсіподақтардың ең маңызды буыны бастауыш кәсіподақ ұйымы екеніне тоқталды.
«Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде 2021 жыл бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы деп жарияланды. Бұл бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін күшейту, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті өзектендіру, оларды ұйымдық және қаржылық жағынан нығайту және кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру үшін жасалады. «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының ақпараттық саясаты саласындағы оң тәжірибесін ерекше атап өткім келеді. Қазір ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың гүлдену кезеңінде салалық кәсіподақ Федерацияға мүше ұйымдардың алғашқыларының бірі болып «Цифрлық кәсіподақ» бағдарламалық кешенін іске қосты, ал Қазақстанда алғаш рет «Smart кәсіподақ»мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл мобильді қосымша кәсіподаққа іс жүзінде ашық болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Бүгінгі таңда «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ мүшелерінің 89 пайызы «Smart кәсіподақ» цифрлық мәліметтер базасын пайдаланады.
Съезд күн тәртібіне сәйкес «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасын сайлау болды. Салалық кәсіподақ төрағасы болып Қайрат Жаңабеков бірауыздан қайта сайланды.
Іс-шара барысында съезд делегаттары – СПбГУП Алматы филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Аблаева, Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы Ш.Исабеков, Алматы облысы филиалының төрайымы С.Бакирова, Павлодар облысы бойынша филиал төрайымы Г.Атабаева, «Кезби» ЖШС кәсіподақ комитетінің мүшесі А.Джапаров, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және кооперация қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы В.Бородина өз баяндамаларын оқыды.