Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚРКФ басшылығының Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымымен онлайн форматта кездесуі өтті.
Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айгүл Мұқашева, Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, салалық кәсіподақ филиалының төрағасы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Іс-шараға төрағалық еткен Шымкент қалалық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев білім беру мекемесінде кәсіподақ мүшелігі 100% құрайтынын атап өтті. Бүгінде мектепте 213 мұғалім, 53 техникалық қызметкер жұмыспен қамтамасыз етілген.
Мектептің алғашқы іргетасы 1921 жылы қаланған. 100 жылдық тарихы бар мектеп Халмат қажы отбасының бастамасымен Сайрам ауылында алғаш бастауыш мектебі болып салынған. 1985 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшірілді. 1999 жылы мектепке Юсуф Сареми есімі берілді. 1999 жылы көпсалалы гимназия мектебі болды, ал 2000 жылы гимназия орта мектебі Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының тірек мектебі етіп тағайындалды.
1999 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Бахадир Нұралиев басшылық жасап келеді.
Мектептің стратегиялық даму жоспарында тәжірибе алмасу үшін Қазақстан Республикасы және шет мемлекеттерге шығу жоспарланған.
2020-2021 оқу жылында мектепте 207 мұғалім қызмет атқаруда.
2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарт жобасы талқыланып, ҚР Еңбек кодексі, мектепішкі тәртіп ережелері таныстырылып, құжаттар қатарына енгізілді.
Кәсіподақ комитетінде 13 мүше өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүр. Әлеуметтік әріптестік негізінде мектеп әкімшілігімен бірлесіп жұмыстар атқарылуда.
Сөз кезегін алған Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Фазлиддин Режаметов мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының қазіргі жұмысы туралы баяндады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының 2021-2022 оқу жылына арналған жұмыс жоспарымен және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралармен бөлісті. Бастауыш ұйым кәсіподақ мүшелерінің табиғатта демалуын, киелі жерлерге саяхатқа баруын жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді.
Юсуф Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің директоры Бахадир Нұралиев кәсіподақ мүшелерімен республикалық деңгейде онлайн кездесулер өткізудің маңыздылығын атап өтіп, бастауыш кәсіподақ ұйымының мектеп өміріндегі белсенді қызметіне тоқталды. Сонымен қатар, мектеп директоры мұғалімдердің жалақысы көтерілгенімен, бұл жайт кейбір білім беру саласы қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты еместігін айтты.
Бұл орайда кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев еңбекақыны арттыру мәселесі ҚР Кәсіподақтар федерациясының күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылатындығына тоқталды. Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы кезең-кезеңімен көтерілетіндігі туралы да мәлімдеді.
Сөз кезегін алған «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» Шымкент қалалық ұйымының төрайымы«Лариса Тургинбаева қалалық филиал мүшелерінің ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын қуанышпен қарсы алғанын атап өтті. Сонымен қатар, мектеп басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестік аясында атқарып жатқан жұмыстарына айрықша тоқталды.
Онлайн кездесуге қатысқан «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айгүл Мұқашева бастауыш ұйымдармен кездесулерде көптеген өзекті мәселелер қозғалатынын атап өтті.
«Осындай кездесулерде біз кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы жан-жақты хабардар боламыз. Бұл – кәсіподақ қызметі үшін маңызды. Осы орайда қалалық филиалдың жұмысы туралы айтып өтсем болады. Салалық кәсіподақтың Шымкент қалалық филиалы әрқашан еңбеккерлердің мүддесін нақты қорғау үшін бар күш-жігерін салады», – деді Айгүл Мұқашева. Жалақыны арттыру мәселесіне тоқталған салалық кәсіподақ төрағасы Президенттің жалақыны көтеру туралы тапсырмасы өте уақтылы және кәсіподақтардың дұрыс жұмысының нәтижесі екенін айтты. Сонымен қатар, білім беру мекемелері басшылары мен директорларының еңбекақысы жүйелі түрде көтеріліп келе жатқанына тоқталды.
«Салалық кәсіподақтың қолдауымен ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында заңсыз шығарылған 24 қызметкер жұмыста қалпына келтірілді. Кәсіподақтың уақтылы қатысуымен білім беру саласында орын алып жатқан заңсыздықтар реттеліп келеді. Жарты жылдықта 1502 заң бұзушылық анықталып, реттелді. Көбісі еңбекақыны төлеуге қатысты болды. Өткен жыл бәріміз үшін оңай болмады. Біз кәсіподақ мүшелеріне толыққанды көмек көрсету мақсатында 24/7 режимінде жұмыс жасадық», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.
Қорытынды сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев 100 жылға жуық тарихы бар мектептің еңбек ұжымымен кездесу өте жоғары деңгейде өтіп жатқандығына тоқталды. Және де мектеп директорының әлеуметтік әріптестік аясында бастауыш кәсіподақ ұйымымен өте жақсы қарым-қатынас орнатып отырғандығына ризашылығын білдірді.
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнату, соның арқасында еңбеккерлерді мазалайтын өзекті мәселелерді анықтау болып табылады. Осы жылдың басынан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен республикалық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылығының қатысуымен 60-тан астам кездесу өтті», – деді Нұрлан Өтешев.
Сонымен қатар, Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясындағы шаралар туралы айта келе, ол бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларының қатысуымен форум өткізу жоспарда бар екенін айтты.
Кездесу соңында бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшелері марапатталды.