Бүгін «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығының «Сыр медиа» ЖШС еңбек ұжымымен онлайн форматта кездесуі өтті.
Онлайн кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Р.Үмбетова мен бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Кездесуге Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев төрағалық етті.
Сөз алған «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев серіктестіктің қысқаша тарихына тоқталып өтті.
Қызылорда облысы әкімдігінің 2010 жылғы 7 маусымдағы қаулысымен облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің редакциясы біріктіріліп, «Сыр медиа» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды. Сол кезде мекемеде 85 қызметкер жұмыс атқарса, осы уақытта – 208 адам. 2011 жылы кәсіпорын жанынан облыстық ақпараттық-талдау орталығы құрылды.
Қызылорда облысы әкімінің қаулысымен 2013 жылы «Сыр медиа» ЖШС қайта ұйымдастырылып, оның құрамына 7 аудандық газет редакциясы мен 1 қалалық газет қосылды.
Қазіргі таңда «Сыр медиа» ЖШС – Қызылорда облысының басты ақпарат көзіне айналған 3 облыстық, 1 қалалық, 7 аудандық басылымдарды, «Kzylorda-News.kz» ақпараттық агенттігі және «Рухани жаңғыру орталығын» бір шаңырақ астына біріктірген және өз өнімдерін өзі басып, оны барлық аудандар мен елді мекендерге таратып отырған бірегей медиахолдинг.
Сондай-ақ, серіктестікке қарасты барлық басылымдардың сайттары да газеттерден бөлек күнделікті жедел ақпарат таратып, әлеуметтік желілердегі парақшалары жұмыс жасайды.
Марат Аралбаев серіктестік еңбек ұжымының әлеуметтік-еңбек мәселелеріне және лайықты еңбек жағдайының қамтамасыз етілуіне әрқашан көңіл бөліп отыратынын атап өтті. «Сыр медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Президент өз Жолдауында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы тапсырма бергенін тілге тиек ете отырып, қазіргі таңда серіктестікте жалақы мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Дегенмен, ақпарат саласында жүрген журналистердің жалақысы әлі де төмен екеніне тоқталды. Сонымен қатар, журналистердің қай әлеуметтік салаға жататындығы да сауал тудыратынын айтты. Осыған орай журналистердің мәртебесін көтеру жөнінде ұсынысын жеткізді.
Кезекті сөз алған «Сыр медиа» ЖШС әкімшілік және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бақытжан Шайхназаров серіктестікке жұмысқа қабылданған кезден бастап қызметкерлер үшін сынақ мерзімінің жүргізілуі, ұжымдық шарттың жасалуы, кезекті еңбек демалысының берілуі, өтініштердің уақтылы қаралуы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, пандемия жағдайында қашықтықтан жұмыс істеген қызметкерлер еңбекақыны толық және уақтылы алып отырғанын да айтты.
«Сыр медиа» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Балкүл Танибергенова серіктестіктің барлық қызметкерлері кәсіподақ мүшелері болып табылатынын жеткізді.
«2019 жылдың 1 наурызында «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалы мен «Сыр медиа» ЖШС арасында келісімшарт жасалды. Осы шарт аясында мемлекеттік және кәсіби мереке күндеріне арналған іс-шараларда облыстық филиал төрайымы алғыс хаттармен марапаттап, ұжыммен тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, облыстық филиал мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасында әріптестік байланыс тығыз орнатылған. Семинарлар, тренингтерге тұрақты қатысып отырамыз. Еңбек қауіпсіздігі тақырыбында семинарлар, нұсқаулықтар жүргізіліп отырады. 2020 жылдың 15 шілдесінде серіктестіктің ұжымдық шарты қайта бекітілді. Сонымен қатар, ұйымда келісім комиссиясы жұмыс жасайды», – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.
Кездесу барысында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев кәсіподақтар орталығының алдағы жоспарымен және атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Онлайн іс-шараға қатысқан «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Раушан Үмбетова бастауыш кәсіподақ ұйымымен өзара қарым-қатынас жақсы жолға қойылғанын және серіктестік басшылығы тарапынан әрқашан қолдау көрсетіліп тұратынын айтып өтті.
Іс-шараны қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ҚРКФ басшылығы мен еңбек ұжымдары арасындағы осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті.
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен 300-ден астам кездесулер өткізілді. Осындай кездесулердің мақсаты бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнату, соның арқасында еңбеккерлерді мазалайтын өзекті мәселелерді анықтау болып табылады», -деді ол.
Нұрлан Өтешев серіктестік тарапынан көтеріліп жатқан мәселелер орынды екенін жеткізіп, ақпарат саласы қызметкерлеріне қолдау қажеттігін тілге тиек етті. Осы орайда Федерация тарапынан бұл мәселелер көтеріліп, шешімдері қарастырылып жатқанын айтты.
Сөз соңында Нұрлан Өтешев серіктестікте атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.