40 жылдан аса уақыт Жаңақорған ауданы денсаулық сақтау саласында қажымай тер төгіп, еселі еңбек етіп, сала жұмысының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан ақ халатты абзал жандардың бірі – Қамырбаева Гүлнар Мақсұтқызы.
Гүлнар Мақсұтқызы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтынан кәсіби білім алып келгеннен кейін педиатрия мамандығы бойынша 1986-1987 жылдары Қызылорда қалалық балалар ауруханасында интернатурадан өтті. Сол жылдардан бері үздіксіз осы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келеді және түрлі лауазымдарда абыроймен әлі де жұмыс жасап келеді. Гүлнар Мақсұтқызы әрдайым барын салып уақытпен санаспай үнемі еңбек етіп келеді. 1987 жылы аймақтық педиатр болып жұмыс жасап, сол жылдан бастап 1996 жылға дейін аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде дәрігер-инфекционист қызметін атқарды, 1996-2001 жылдар аралығында жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі қызметінде жоғары жауапкершілікпен жұмыс жасады.
Осы лауазымдарда жүріп қызметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып, кейін аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары, аудандық туберкулезге қарсы диспансерлік ауруханасында дәрігер-фтизиатр, туберкулезге қарсы диспансер бөлімінің меңгерушісі, аудандық емханада дәрігер-эксперт, аурухана бас дәрігерінің ішкі аудит және пациенттердің құқығын қолдау жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта №2 жалпы тәжірибелік дәрігерлік бөлім меңгерушісі қызметінде еселі еңбек етіп келеді.
Гүлнар Мақсұтқызы ұжым ішінде үлкен беделге ие, әріптестеріне үнемі үлгі-өнеге көрсетеді. 2016 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 2020 жылы Гүлнар Мақсұтқызына денсаулық сақтау саласындағы еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі табыс етілді.