Кәсіподақ өкілдері бастауыш кәсіподақ ұйымының қал-жағдайымен танысты

«Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының» төрағасы Али Мамедов Түркістан облысы, Ордабасы ауданында орналасқан «Ордабасы Автопарк» ЖШС ұжымымен кездесті.

Мекемеде 15 қызметкер жұмыс жасайды, барлығы кәсіподақ мүшелігіне кіреді. «Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол мекемелері жергілікті кәсіподағының» төрағасы Али Мамедов бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің күнделікті еңбек қызметінде кездесетін кейбір мәселелерін талқылап, сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік жағдайлары мен еңбекті қорғау мәселелеріне тоқталды және де ҚР Президентінің Жолдауында айтқан еңбек адамдары үшін өте маңызды бастамаларын, соның ішінде ең төменгі жалақы 42,500 теңгеден 60000 теңгеге көтерілуі Кәсіподақтар федерациясының әртүрлі алаңдарда қазақстандық жұмысшылардың жалақысын дәйекті түрде жоғарылату, оның ішінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін шешуге бастама көтергенін арқасында жеткен жетістік екенін жеткізді.

Жиында Президент Жолдауына байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Үндеуі насихатталып, Кәсіподақтар федерациясының стратегиялық мақсаты – ең төменгі жалақыны халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейге дейін кезең-кезеңмен жоғарылатуға ұмтылатыны айтылды. Сондай-ақ кәсіподақ комитеті мүшелерімен іс-қағаздар жүргізу, түрлі дәрежедегі марапаттауларға ұсыну бойынша ұсыныс хат дайындау, ұжымдық шарт пен келісім-шарт жасасу үлгілері, оның орындалуын бақылау мен ұжым алдында есеп беру, тағы басқа жұмысқа қажетті құжаттарды рәсімдеу тәртібін үйретті.

Кездесу соңында «Ордабасы Автопарк» ЖШС-ның басшысы Рахымберді Төрегельдиев қызметкерлер жалақысын көтеруге сөз берді.