Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі бүгінгі таңда облыс көлемінде экономиканың әр саласын қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымдарының жұмысын біріктіріп, үйлестіріп отыр.
Облыстағы кәсіподақ мүшелерінің саны 123,0 мың адамнан асты, 1398 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Жыл басынан бері 28 жаңа бастауыш кәсіподақ үйымдары құрылып, кәсіподақ мүшелерінің саны 2112 адамға артты.
Атқарып отырған осы жұмыстардың басты мақсаты – қарапайым еңбек адамына қамқор болу, еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу, еңбек өнімділігі мен өмір сапасын арттыру болып табылатыны сөзсіз.
Айтулы мерекеге арналған бүгінгі салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің мүшесі, «Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Бекбас Оразбек Телбайұлы арнайы келіп қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде Оразбек Телбайұлы Кәсіподақтар федерациясының бүгінгі жұмысына тоқтала келе, алда тұрған міндеттерді де атап өтті. Сонымен қатар, өңірдегі кәсіподақ қозғалысын дамытуға қомақты үлес қосқан, азаматтық ұстанымы айқын белсенділерді Федерацияның Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Осы салтанатты жиынға жергілікті атқарушы органдардың атынан әлеуметтік әріптестік тарапы – Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Есіркепов Ернар Серікәліұлы қатысып, кәсіподақ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады. Сөз соңында өңірдегі әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін басқарманың Алғыс хатымен «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбековты марапаттады.
Сондай-ақ кәсіподақ жұмысын жандандыруда ерекше көзге түскен белсенділерді Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов Құрмет грамоталармен марапаттап, ізгі тілегін жеткізді.
Жиын соңында кәсіподақ белсенділері өз алғыстарын білдіріп, кәсіподақ көркін қыздыруға дайын екендерін жеткізді.