Кәсіподақтар күні қарсаңында “Экатон-Батыс” зауыты еңбеккерлерімен кездесті

Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында және кәсіподақтар күні мерекесіне орай Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А. Әмірғалиев пен Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақтөбе филиалының төрағасы Қ. Коктов “Экатон-Батыс” серіктестігінің бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.

Ақтөбедегі “Экотон-Батыс” ЖШС бетон өнімдерін шығаратын зауыты – Батыс Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Қуаттылығы жылына 158,4 мың текше метрден асады. Зауыт – нарықтағы отандық сапалы өнім шығаратын іргелі кәсіпорынның бірі. Мұнда жұмысшылардың уақтылы жалақы алуларына, өндірістегі қауіпсіздік шараларының сақталуына аса мән берілген. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы – краншы болып ауыр жұмысты ерлермен бірдей үлкен жауапкершілікпен атқарып жүрген маман Әлия Жұмашева. Бастауыш ұйым 2010 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында әлеуметтік әріптес жұмыс берушімен ұжымдық шарт жасалып, ол жыл сайын жаңарып, толығып, ең бастысы қарапайым жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғауға басты назар аударылып отыр.

Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері өз сауалдарын қойып, Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер туралы да жан-жақты мәліметтер алды.

Кездесу барысында жұмыста тындырымдылығы мен жауапкершілігі арқасында көзге түсіп жүрген бірқатар еңбеккерлерге алғыс хаттар табыс етілді.