Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Салтанатты жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару Комитетінің мүшесі, “Қызмет” салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ жұмысын одан әрі жандандыруға бағытталған ҚРКФ бастамаларынан кеңінен хабардар етті.
«Кәсіподақтар федерациясы азаматтардың еңбек мәселелерін шешуге бағытталған шараларын одан әрі жалғастырады. Биылғы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ең төменгі жалақыны өсіру тапсырмасы Кәсіподақтар федерациясының бастамаларымен ұштасты. 2022 жылдан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысының кезең-кезеңмен ұлғайтуға бағытталғаны 600 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің әл-ауқатын жақсартады. Кәсіподақтың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі механизмі – бұл әлеуметтік әріптестік келісімі. ҚРКФ 25 салалық және 17 аймақтық келісімдер жасады, сол келісімдер нақты жұмыс жасауда», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару Комитетінің мүшесі Мирболат Жақыпов.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару Комитетінің мүшесі Мирболат Жақыпов өңірдің кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, белсенді азаматтарды ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің атынан Алғыс хатпен, құрмет грамоталармен марапаттады. Бірқатар азаматтарға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының “Еңбек озаты” мен “Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін” және “Кәсіподақ ардагері” медальдарын да табыс етті. Солардың қатарында “Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы” аумақтық бірлестігі төрағасының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов, Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Алдабергенов пен Қазақстанды салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Назира Табылдинова кәсіподақ жұмысын дамытудағы жемісті еңбектері үшін марапатталды.
Өз алдында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің дамуына үлес қосып, әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы жолда еңбек еткен бірқатар азаматтарды марапаттады.
Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев атқарылған жұмыс туралы баяндап, кәсіподақ белсенділеріне “Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және салалық кәсіподақтар тарапынан наградалар табыс етті.
Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігі бүгінде 132 мыңнан астам мүшесі бар өңірдегі кәсіподақтардың жұмысын үйлестіріп отыр.
«Ақтөбеде жылдан-жылға бастауыш кәсіподақтар саны артып отыр. Биылдың өзінде қатарымыз 3 мыңға артып, 12 жаңа бастауыш ұйым құрылды. Әсіресе, құрылыс пен өндіріс саласының еңбеккерлері өздері кәісподаққа мүше болып, үлкен сенім артып отыр», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.
Бұл мерекелік шараға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары филиалдарының жетекшілері мен бастауыш кәсіподақ ұйым өкілдері де қатысты.
Салтанатты марапаттау рәсімінен соң Батыс аймақтық форум өз жұмысын жалғастырды.