Елордалық кәсіподақ көшбасшылары марапатталды

Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен актив отырысы өтті. Бұл іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қатысты.

«Қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғайтын, әлеуметтік әділеттілік қағидаларын насихаттайтын Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығы бүгінгі таңда 10 салалық құрылымнан 105 мыңға жуық жұмысшыны және 508 бастауыш кәсіподақ ұйымдарын біріктіріп, қоғамдық ұйым ретінде елордамыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді», – деп сөз бастады Т.Күнәділов.

Сонымен қатар, ол ҚР Кәсіподақтар федерациясы жариялаған биылғы «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылында» қол жеткізілген белгілі бір нәтижелерді атап өтіп, кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде әлеуметтік әріптестермен атқарылған басты жұмыстарға тоқталды.

Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудағы белсенді қызметі және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар кәсіподақ көшбасшыларын Нұр-Сұлтан қаласының Алтай Көлгіновтің атынан Алғыс хаттарды табыстады. Қала әкімінің марапатына Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров, ҚР Ұлттық Музейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зәкира Молдабаева, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Серік Айтхожин ие болды.

Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Т.Күнәділов кәсіподақ алдында ерекше еңбегі бар, кәсіподақ жүйесіндегі жемісті, көпжылдық жұмысы үшін және кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына, бірлігін нығайтуға және дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясының наградаларын тапсырды. «Кәсіподақ Ардагері» медалімен Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» филиалының төрағасы Сәрсекеев Серік және «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің “Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі” КММ №12 көпшілік кітапханасының басшысы Шынар Үстенбекова марапатталды.