Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар күні қарсаңында сала мамандары бас қосып, бірқатар мәселені талқылады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
“Павлодар облысы кәсіподақтар орталығы” АКБ-нің баспасөз орталығының хабарлауынша, активтің кеңейтілген отырысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева мен жергілікті экономиканың барлық салаларын ұсынған салалық, жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдары филиалдарының төрағалары қатысты.
– Биылғы кәсіподақ қызметінің қорытындысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. ҚР кәсіподақтар Федерациясы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын ілгерілете отырып, қызметкерлердің мүдделерін және олардың заңды құқықтарын қорғайды. Кәсіподақ өзіне мүше 40 ұйымнан және 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 2 миллионға жуық жұмыскерді біріктіретін бұқаралық қоғамдық ұйым болып табылады. Біздің ұжым еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді, – деді Г.Жұмагелдиева.
Отырыста әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарттар жасасу, келісім комиссиясы құрамындағы қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қоғамдық бақылауды іске асыру, мәдени-бұқаралық және спорттық жұмыстарды жүргізу, кәсіподақтарға сенім білдіру және кәсіподақ мүшелерін ынталандыру және сауықтыру, оңалту мәселелері бойынша қызметтің негізгі бағытында кездесетін мәселелер сөз болды.
Облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова кәсіподақтар қозғалысының жаңа моделін құру, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін одан әрі нығайту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау – кәсіптік одақтар қызметінің басты бағыттары болып табылатынын айтты.
– Павлодар облысындағы еңбек адамының тұрақты жұмысы, лайықты жалақысы, қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайлары болуы тиіс. Біздің бірлестіктің қатарында 1229 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 136 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері бар. Онда өңірдің әрбір үшінші жұмыс істейтін тұрғыны кәсіподақ мүшесі болып табылады. 2021 жылы салалық кәсіподақтармен бірлесіп, пандемия кезеңінде кәсіпорындарда қосымша қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселелерін шешудің жаңа нысандары әзірленді, өндірістік жарақаттанудың алдын алудың бірыңғай күні екі рет өткізілді, – деді Д.Айтжанова.
Сонымен қатар, бірлестік төрайымы өңірде 840 өндірістік кеңестің құрамында еңбекті қорғау жөніндегі 1223 техникалық инспектордың қоғамдық жұмысы күшейтілгенін атап өтті.
– Татуластыру орталығы мен ҚРКФ Заң клиникасының өңірлік филиалында заңгерлік көмек және медиатордың қызметіне 2300-ден астам адам жүгініп, медиация арқылы 900-ден астам шара өтті. Оның ішінде сотқа дейін медиация туралы 753 келісім жасалды. Бұл дегеніміз – қызметкерлер кәсіподақтардың көмегімен сотқа талап-арыз бермей-ақ туындаған еңбек дауын шеше білгенін көрсетеді. Өндірістік жарақат кезінде мүгедектік алған адамдар үшін жаңа жұмыс орындарын ұсыну мақсатында Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеровпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлескен жұмыстың нәтижесі өндірісте мүгедектік алған жандар жұмысқа орналасқан әлеуметтік шеберхананың ашылуы болды. Бүгінгі таңда өңірде кәсіподақ мүшелерінің 38% – ын құрайтын жастар белсенді жұмыс істеуде. Павлодар облысының еңбек жастары үлкен әлеуетке ие. “Еңбек елі” байқауына ұсынылғандардың ішінен Павлодар облысы кәсіподақ жастарының 4 көшбасшысы жүлделі орындарға ие болды. Әр кәсіпорында жастар кеңестері белсенді жұмыс істейді, – деді Д.Айтжанова.
Ал ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Г.Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясы жалақы мәселелерін одан әрі шешу жұмыстарын жалғастыратынын айтты.
– Біз сондай-ақ әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, ұжымдық шарттар арқылы жұмыскерлерді қолдау шараларын жетілдіру үшін жұмыс істейтін боламыз. Бүгінгі таңда кәсіподақтары бар кәсіпорындарда ұжымдық-шарттық реттеумен қамту 95 пайыздан асты. Бұл кәсіподақ белсенділерінің жұмыс берушімен келіссөздер барысындағы күш-жігерінің нәтижесі, – деді Г.Жұмагелдиева.
Павлодар облысы кәсіподақ активінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар өңірде кәсіподақ қозғалысын дамытудың одан арғы векторларын анықтады.