Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет

10 – қазан Қазақстан кәсіподақтары күні. Айтулы мейрам 2019 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен еліміздегі кәсіби мерекелердің тізіміне енді.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және төл мереке қарасаңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы салтанатты шара ұйымдастырып, өңірдегі кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Жастар сарайында» өткен салтанатты жиынға «Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Дина Джаманбаева,салалық кәсіподақ активі мен аудандық, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері қатысты.

Шараға жиналғандарды алдымен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова құттықтады.

«Кәсіподақтардың басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі бұл – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындау болып табылады. Соның ішінде білім кәсіподағы- ұстаздардың құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік- экономикалық қолдау көрсетіп, мұғалім мәртебесінің өсуіне заң жүзінде ықпал етіп, мүддесін жан-жақты қорғап келеді.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 12 аудандық, 1 қалалық және 590 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Аймақтағы білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғайтын ұйымға 32 мыңнан астам педагог мүше. Бұл мереке осы 32 мың ұстаздың, әрбір кәсіподақ мүшесінің мейрамы. Өйткені олардың әлеуметтік жағынан толық қамтылып, еңбек құқықтарының сақталуы – педагогтардың алаңсыз жұмыс істеуінің, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі», – деді ол.

Одан соң марапаттау рәсіміне кезек берілді. Салтанатты кеште 70- тен астам кәсіподақ мүшесі жоғары марапаттарға ие болды.