inform.kz: “Елордада Кәсіподақтар федерациясының фронт-кеңсесі ашылды”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Кәсіподақтар күні қарсаңында Кәсіподақтар федерациясының фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ашылу салтанатына «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқауы мен «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай -ақ кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері қатысты. Фронт-кеңсе жұмысын ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастап берді. «ҚРКФ қызметінің стратегиясында жарияланған құндылықтардың бірі – кәсіподақтар жұмысының ашықтығы. Ашық фронт-кеңсе – бұл кәсіподақ мүшелерінің келесі қадамы. Тәулік бойы жұмыс істейтін «Zan Cliniqyс» заң клиникасы қызметкерлерге тиімді құқықтық қолдау көрсетеді. Фронт -кеңсе аясында жұмысшы жастардың әлеуетін ашуға үлес қосатын «Enbek Space» жастар коворкинг орталығы да бүгін өз жұмысын бастады.

Фронт -кеңсе ашылатын күні азаматтарға алғашқы қабылдауды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева мен ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев өткізді. Сондай-ақ қонақтарға жаңа жобалық кеңселер – Татуласу орталығының «Tatylasy Point» және ҚРКФ-ның «Bilim Center» білім орталығы таныстырылды. Кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кәсіподақтың қарапайым мүшелері үшін Фронт-кеңсенің байланыс мүмкіндіктерін жоғары бағалады. «Бізге қанат біткендей болды. Бүгін біз кәсіподақтардың заманауи келбеті мен Федерация жұмысының форматы қарапайым жұмысшылардың мәселелерін тиімді шешудің үлгісі екеніне көз жеткіздік. Біз бұл тәжірибені өңірлерге жеткізуге тиіспіз және сіздердің қолдауларыңызбен біз өндірістік кәсіпорындардағы жұмысшылардың қаналуын жоюға мүмкіндік аламыз «, – деді Меркі ірімшік зауытының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Күлипа Ерімбетова.

Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Әлібек Саттаров бастауыш кәсіподақ ұйымдары, салалық кәсіподақтар мен тұтастай Федерация арасындағы байланысты одан әрі нығайтуда фронт-кеңсе қызметінің маңыздылығын атап өтті. «Кәсіподақтар жүйесінің барлық буындарының өзара әрекеттестігі – кәсіподақтарды дамыту стратегиясында анықталған негізгі принцип. Біз бәріміз бір Федерациямыз. Бірыңғай фронт-кеңсенің ашылуы – біздің бірлігіміздің дәлелі», – деді Әлібек Саттаров. Қызылорда облысындағы Ж.Нұрманова атындағы№198 мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Баян Әкімбаева ҚРКФ басшылығына лайықты еңбек жағдайын жасау және қарапайым жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданған шаралар үшін алғысын білдірді. «Кәсіподақ – бұл жаңа жылдық сыйлықтар емес. Кәсіподақ – тиімді құқықтық қорғаныс. Фронт-кеңсенің ашылуымен бізде жедел және білікті заң көмегін алуға мүмкіндік туды «, – деп атап өтті Баян Әкімбаева. Шараны қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасы фронт-кеңсе қонақтарын Қазақстан Кәсіподақтары күнімен құттықтап, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына қолдау көрсету жалғаса беретінін атап өтті. «Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің жалғыз емес екенін білуі керек. Олардың артында Кәсіподақтар федерациясының екі миллиондық армиясы тұр. Біз өз тарапымыздан Еңбек Адамының құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік әріптестіктің жоғары деңгейінде қорғауды жалғастыруға ниеттіміз», – деп сендірді Сатыбалды Дәулеталин.

https://www.inform.kz/kz/elordada-kasipodaktar-federaciyasynyn-front-kensesi-ashyldy_a3846675