7 қазанда Халықаралық еңбек ұйымы “Әділ жұмыс орындары” ұранымен Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін іс-қимыл күнін өткізді.
Дүниежүзілік іс-қимыл күні аясында білім беру ұйымдарында лайықты еңбек тақырыбында семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер өткізілді.
Қалалар мен аудандар мектептерінің кітапханаларында Халықаралық еңбек ұйымы бойынша плакаттар, әдебиеттер, журналдар мен газеттердің көрмелері ұйымдастырылды. Кәсіподақтың лайықты еңбек пен лайықты жалақыны қамтамасыз ету бөлігіндегі жұмысының басым бағыттарының бірі әлеуметтік әріптестікті дамыту болып табылады.
Павлодар ауданының 60 жас педагогы “Лайықты еңбек – лайықты төлем – әлеуметтік әділеттілік” тақырыбында эссе байқауына қатысты. Байқауға қатысушылар жас мамандарға қатысты жүргізіліп жатқан саясаттың оң динамикасын атап өтіп, жалақының проблемалық мәселелерін белгіледі, ҚР “Педагог мәртебесі туралы” Заңының барлық санаттағы педагогтар үшін маңыздылығын атап өтті.
Н.Алшинов атындағы Жалаулы ЖОББМ кәсіподақ ұйымы “Лайықты еңбек – әр қызметкердің құқығы” акциясын ұйымдастырды, оның барысында мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы Н.Кекина еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор Г.Садвокасовамен бірлесіп жұмыс орындарына, мектеп асханасына, шағын орталыққа, медбике кабинетіне, қазандыққа, дәретхана бөлмелеріне мониторинг жүргізді.
Шідерті ЖОББМ кәсіподақ ұйымы жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуына, жұмыс орындарының сақталуына, қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасауға, қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге тексеру жүргізді.
Ертіс, Павлодар, Аққулы, Тереңкөл аудандарында лайықты еңбек үшін іс-қимылдарды насихаттау мақсатында флеш-моб өткізілді. Филиал өкілдері жас мамандарға, мұғалімдерге, тәрбиешілерге “Лайықты еңбек туралы” кітапшалар таратты.
2021 жылғы 7 қыркүйек пен 7 қазан аралығында Павлодар қаласының білім беру мекемелерінде мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, жұртшылықты тарта отырып, “Біз лайықты еңбек үшін” кең ауқымды акциясы өткізілді.
Акцияны өткізуге Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдері, заңгерлер, психологиялық қызмет орталықтары жұмылдырылды.
Акция аясында педагогтардың еңбегі мен демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында №18 мектеп-лицейінде заманауи техникалық құралдармен жабдықталған және үш аймағы бар: ақпараттық аймақ, демалыс аймағы, жұмыс аймағы бар кәсіподақ коворкинг-орталығы ашылды.