Өзекті мәселелер қамтылған жиын өтті

Педагогтарды халық санағын жүргізуге жұмылдыру қаншалықты заңды? Алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімдеріне еңбекақы төлеу мәселесі қашан шешіледі?

Аймақ ұстаздарын толғандырған осы және өзге де сұрақтар бүгін облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен семинарда айтылды. Zoom платформасында өткен онлайн жиынға салалық кәсіподақ ұйымының активі, облыстағы кәсіптік-техникалық және қосымша білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ көшбасшылары қатысты.

Алдымен кәсіподақ төрайымы Раушан Серікова ҚР “Педагог мәртебесі туралы” заң аясында атқарылуы тиіс мәселелерге тоқталды. Құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев қазіргі таңда еңбек заңдылығына қатысты көтеріліп отырған сұрақтардың жауабын берді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұғалімдердің өзінің кәсіби қызметіне кірмейтін жұмыстарды атқаруы міндетті емес. Сондықтан бастауыш кәсіподақ жетекшілері жұмыс берушілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, педагогтарды халық санағын ұйымдастыру секілді қоғамдық істерге тартуға жол бермеуі тиіс. Алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімдеріне тиесілі еңбекақының төленуін қадағалауы қажет. Білім беру ұйымдарындағы медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу де – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі.