Өңірде кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер, мәдениет саласының үздігі, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айдар Тапашұлы Батырхановтың 70 жылдық мерейтойы кеңінен тойлануда.
11 қазан күні ОРОММИК пен Қадыр Мырза Әли атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Құрмет» орденінің иегері, қоғам қайраткері Айдар Тапашұлы Батырхановтың 70 жас мерейтойына арналған БҚО мәдениет және спорт қызметкерлерінің арасында шағын футболдан ашық турнир өтті.
Іс-шара алдында ОРОММИК директоры Қ. Жанғалиев ашық турнирге келген құрметті қонақтарды мектеп-интернат-колледждің жұмысымен таныстырып, оқу корпусын, кітапхана, интернат ғимараты мен спорт залдары жұмысымен таныстырды.
Салтанатты іс-шараның ашылуында БҚО Мәдениет басқармасының басшысы С.Дүйсенов, БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж. Нығметуллин, Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрағасы Б.Халиолла құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесі, қоғам қайраткері А.Батырхановтың өңір экономикасы мен мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтіп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі. БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының атынан мерейтой иесіне және құрметті қонақтарға естелік сыйлық табыс етілді.
Шағын футболдан тартысты өткен жолдастық кездесулер қорытындысы бойынша командалар мен үздік футболшылар диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
