Облыс орталығында Кәсіподақ күні мерекесіне орай арнайы жиын өтіп, бірнеше қызметкер марапатқа ие болды. Аталған ұйым мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, демократиялық қоғам құруға белсенді атсалысып келеді. Кез келген мекемеде, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында жалақы төлемеу, жұмысшы құқығын шектеу сияқты түйткілді мәселелердің туындап отыратыны жасырын емес. Осындай жағдайды ушықтырмай дер кезінде шешуге атсалысатын кәсіподақ ұйымына мүше бірнеше қызметкерлердің еңбегі бағаланып, Құрмет грамоталары мен төсбелгілер табысталды. Кәсіподақ ұйымы жұмыс істейтін халықтың еңбек және әлеуметтік-экономикалық аспектілерін қорғайды. Марапатқа ие болғандардың бірі Шәкен Көпшікбаева қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, құқықтарының сақталуын қадағалау бұл ұйымның басты міндеттерінің бірі дейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі» деп кәсіподақтар қызметін жоғары бағалаған болатын. Ал оның тиімділігін республикада ғана емес, әлемдік тәжірибеден де көруге болады.
https://oskementv.kz/kz/news/society/kesipodak-kyzmetkerleri-marapattaldy-1