Құрметті кітапханашылар!
Сіздерді кітапханашылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана. Ал сол қайнардың көзін ашатын өздеріңізсіздер.
Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл, терең білуге. Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – дегені бар. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ақыл-ойдың мәңгілік інжу-маржандары қай заманда да адамзаттың киелі рухани орталығы болған кітапханаларда сақталған.
Сіздер сол сарқылмас рухани қазыналарды көздің қарашығындай сақтап қоймай, оған жол сілтеу¬ арқылы кітап мәртебесін көтеріп келесіздер.
Оқырманды әсіресе, жас ұрпақты бойына уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі мен тіршілігінің сан қилы құпия сырларын бүккен кітапты өзінің сенімді серігі, ажырмас досындай көруіне тәрбиелеу де сіздердің абыройлы міндеттеріңіз.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, тәрбие мектебіндегі аса маңызды істеріңізде толағай табыстар тілеймін!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С. Дәулеталин