ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың төрағалық етуімен өткен зейнетақы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысында нәзік жандардың зейнеткерлік жасын төмендетуді жақтайтын қоғамдық әйелдердің өтініші қаралды.
Бұған дейін, Марина Бачаеваның және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әртүрлі салаларынан келіп түскен өтініштері бойынша Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы жанындағы еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясы әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету бойынша ұсыныстарды көтеріп, олар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жазбаша өтінішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен қолдау тапқан болатын.
Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының тең төрайымы Татьяна Шатохина бұл өзекті мәселе кәсіподақ қозғалысының күн тәртібінде бар екендігін, сонымен қатар әлеуметтік-құқықтық және экономикалық аспектілерде жан-жақты қарастырылу үшін ұсынылатынын атап өтті.
«KYZMET» Салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының мүшесі Марина Бачаева әйелдердің зейнеткерлік жасын өзгерту және олардың лайықты демалысқа шығуы бойынша нақты ұсыныстар жасады.
Кездесуге сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының пікірлері тыңдалып, халықаралық тәжірибені зерделеу және оны қазақстандық әйелдерді зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелерінде қолдану мүмкіндіктері бойынша тапсырмалар берілді. Жұмыс тобы осы мәселе бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады.
