Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы кәсіподақ өкілдерімен кездесті

2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың жария-құқықтық қатынастарда қабылданатын (жүзеге асырылатын) шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау жөніндегі істерді қарайтын Павлодар облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жұмыс істей бастады.

Жаңа заңнама бойынша кез келген әкімшілік мемлекеттік орган азамат шағыммен жүгінген жағдайда сотта өз шешімінің негізділігін дәлелдеуге тиіс болады.

2021 жылғы 15 қазанда Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі “Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қолданудың өзекті мәселелері” тақырыбында бастауыш, жергілікті, салалық кәсіподақтар филиалдарының 92 өкілі үшін диалог алаңын ұйымдастырды.

Спикерлер ретінде Павлодар облысы Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Әділет Сайранұлы және судья Гүлмира Хасимқызы сөз сөйледі.

Кездесуге қатысушылар 2021 жылғы 1 шілдеден бастап сот жұмысының қорытындыларымен, қаралатын істердің ерекшеліктерімен танысты, сот практикасымен және дауларды сотқа дейін реттеудің ерекшеліктерімен, әкімшілік талап қоюлардың түрлерімен, мәлімделген талаптарды қанағаттандыру және бас тарту, тараптардың татуласуы туралы мысалдармен танысты, қойылған сұрақтарға жауаптар алды.