Еңбегін елге арнаған еңбек әулеттері

Оралда «Зенит» зауытының 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Әскери қорғаныстық бағыттағы кемелер құрастыратын кәсіпорын ұжымын, ардагерлерін облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

Қорғаныс және шаруашылық мақсатындағы өнімдер шығаратын кәсіпорында кәсіподақ ұйымы 1942 жылы құрылды, қазірде кәсіподақ мүшелерінің саны – 1129. 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Владимир Владимирович Куликов “Зенит” Орал зауыты” АҚ кәсіподағының төрағасы қызметінде жұмыс жасап келеді. Жұмысшылардың мүдделерін қорғап, еңбек талаптарының сақталуында бастауыш кәсіподақ ұйымы орасан қызмет атқаруда. «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның ұжымдық келісімі тараптармен 2020 жылдың маусым айында 2020-2022 жылдар кезеңіне жасалды және қол қойылды. Сонымен қатар зауыттың бастамашыл жастары кәсіподақтың «Келешек» жастар ұйымына мүше болып, белсенділік танытып келеді.

Салтанатты шарада сөз алған мекеме басшысы Вячеслав Валиев:
– Сонау 1941 жылдан бері кәсіпорын заманның қиындығын да, қызығын да бастан өткерді. Соғыстың қаһарлы жылдары өндіріс ошағының Оралдағы ғұмыры басталды. Ол есімі аңызға айналған, 42 жыл бойы директор болған Петр Атоянның басшылығымен ірі кәсіпорынға айналды. Содан бері зауытта көп нәрсе өзгерді, өзгермегені – адамдарға деген қамқорлық қана. Мыңдаған оралдық үшін зауыт екінші отбасына болды. «Зенит» жай жұмыс орны ғана емес, ол – жас мамандар тәжірибе жинақтайтын, аға толқынның қолдауын сезінетін өмір мектебі. Осындай ұрпақ жалғастығының арқасында ерекше зауыттық дәстүр қалыптасты. Оны зауыттықтар қастерлейді, кейінгі толқынға үйретеді. Еңбек әулеттерi – біздің мақтанышымыз. Кейбір әулеттің еңбек өтілі 100 жылдан асып кетті. Олардың арасындағы Батырғазиевтер, Әжіғалиевтерге – 182, Бедолныйлар, Столниковтарға – 158, Дәулетияровтарға, Мартасовтарға – 155, Черновтарға, Васьковтарға – 152, Маланиндерге 116 жыл болған. Өткен жылдар ішінде зауыт қаламен бірге дамыды, өсті. Ұжым өтпелі кезеңнің қиындықтарын татулықтың, бірліктің арқасында жеңді. Жеңіп қана қойған жоқ, еліміздің кеме жасау саласының көшбасшысына айналды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде мемлекетімізбен бірге өркендеген кәсіпорын 34 кеме жасап шығарды. Тағы 80 жыл өткеннен кейін біздің немерелеріміз, шөберелеріміз зауытты сақтап, мақтан тұтып, даңқын арттыратынына сенемін, – деді.