ҚРКФ кәсіподақ кадрларының біліктілігін Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен бірлесіп көтеретін болады  

Кәсіподақтық онлайн білім марафоны жалғасуда. Бүгін марафон аясындағы кезекті семинар Павлодар облысындағы кәсіподақ кадрларына арналды.

Семинарды ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегацияның  өткен аптада  іс-сапармен Халықаралық Еңбек Ұйымы мен Халықаралық Кәсіподақтар конфедерациясына барып қайтқанын, сапар қорытындысы бойынша  кәсіподақ кадрлары арасында жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласқанын жеткізді.

«Халықаралық Кәсіподақтар конфедерациясында болған бірқатар кездесулер нәтижесінде тараптар қызметтің әр түрлі бағыттары бойынша өзара іс -қимыл мен ынтымақтастықты жалғастыратыны туралы уағдаласты. Жақын болашақта бірлескен іс -шаралар жоспары әзірленетін болады.  Аталған жоспарға кәсіподақ кадрлары мен активінің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша бірлескен семинарлар мен конференцияларды өткізу, оң халықаралық тәжірибені тарату сияқты шаралар енгізіледі. Егер қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, федерацияға  жіберіңіздер. Біз оларды назарға алатын боламыз»,-деді Нұрлан Өтешев.

Бұдан әрі төраға орынбасары жобалық басқару атап айтқанда, жобалық басқарудың негіздері туралы әңгімелеп берді.

«Мемлекеттік сектор жобалық басқаруға өтуде. Ал қоғамдық институттар бұрыннан осы жолда. Кәсіподақтар кешеуілдеп жатыр. Жобалық басқару бізге бірінші кезекте әлеуметтік әріптестерді түсіну, кәсіподақ күн тәртібін пәрменді ілгерілету және  еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін қажет. Жобалық басқару бойынша  дүниежүзінде көптеген стандарттар бар. Қазақстанда 2014 жылы «ҚР СТ ISO 21500-2014»  ұлттық стандарты қабылданған.  Алайда біз өз қызметімізде тек ұлттық стандартты ғана емес,  өзге  стандарттардағы тиімділігі құралдарды да қолданатын боламыз»,-дегенді айтты Нұрлан Өтешев.

Семинарды Павлодар облысы кәсіподақтар орталығындағы Татуласу орталығының басшысы Марина Иванова жалғастырып, тыңдаушыларға  сот органдарының еңбек дауларын шешудегі тәжірибесіне тоқталды.

ҚРКФ-ның  Ұйымдастыру-кадр жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова болса, еңбек заңнамасының қолданылу тәжірибесі туралы айтып берді.

Семинар соңында тыңдаушылар кәсіби біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік жасап отырған  ҚР Кәсіподақтар федерациясына сонымен қатар, тақырыптардың өзектілігі мен берілген ақпараттардың құндылығы  үшін дәріскерлерге алғыс айтты.

Атап өтейік, кәсіподақтық онлайн білім марафоны  ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиясын жүзеге асыру мақсатында қолға алынды. Марафон аясында еліміздің әр өңіріндегі кәсіподақ кадрлары, кәсіподақ активі мен кәсіподақ мүшелеріне кәсіподақ қызметіне қатысты өзекті тақырыптар бойынша дәрістер оқылады.