Кәсіподақ ұйымының жұмысы әрдайым бағалануы тиіс

Кәсіподақтардың бастауыш ұйымы жылында жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін түсіндіру және қорғау бойынша жұмыс ерекше жанданды. Бұл туралы бастауыш ұйым төрағаларының өздері айтады.

Атымтаева Жұлдызай Каримолдақызы – №115 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы. “Мен 1983 жылы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Балалық кезден журналист болуды армандайтын, кішкентай ғана қара қыз болатынмын. Әсем қала Алматы шаһарында жоғары оқуды бітіріп, қызметімнің алғашқы баспалдағын 2002 жылы мен үшін үлкен шанырақ Дүйсен Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектептен бастадым. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Үлкен ұйымшыл ұжым. Мектеп басшысы Алия Сбанқұлқызын ерекше көшбасшы ретінде таныдым. Мәртебелі басшы әрі білікті ұстаз. Алия Сбанкұлқызы туралы былай айтар едім, әр педагогтың мәртебесін көтеріп, мектептің атақ-данқын шығарып, ұжымның ақылшысы болып отырған жан. Ал, енді ұжымға келетін болсам, ортамызда ұлықтарға лайықты парасатты, шебер педагогтар мен атқарылған ауқымды жұмыстарда жетерлік. Мен ұжыммен әркез мақтанамын. Өйткені, үздік үлгілері өнеге толы жайсаң жандардың бойынан ұйымшылдық пен ынтымақтастықты, татулық пен адамгершілікті, қарапайымдылық пен әділдікті аңғаруға әбден болады. 2017 жылы ұжымның өтініші бойынша, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайландым. Сол кезде, ең бірінші – адам үшін кәсіподақ мүшелерінің тең құқылы негізінде құрылғандығын және бір сала – бір ұйым шеңберінде құрылатын ұйым екенін түсіндім. Басында, әрине, қызығы мен шыжығы көп болды. Дегенмен, ұжыммен бірлесе отырып жұмыстар қыза түсті. Жиналыстар, конферециялар, съездер барлығы көз алдымызда жылма-жыл жұмыс қыза түсті. Халқымызда “Елемесе – ер жетім” деген қанатты сөз бар. Ұжымның сол еңбегін бағалап, мереке сайын құрмет көрсетіп жатқан кәсіподақ орталығының басшыларына алғыс айтамын. Қарапайым жұмысшылардың әлеуметтік жағыннан толық қамтылып, еңбек құқықтарының сақталуы – оның алаңсыз жұмыс істеуінің, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі. Ұстаздарымыздың осы игіліктерге ие болуына әрбір ұжымдағы кәсіподақ ұйымы мүдделі. Сондықтан кәсіподақ ұйымының жұмысы әрдайым бағалануы тиіс”, – дейді Жұлдызай Каримолдақызы.