inform.kz: “Қазақстан мен Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды”

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазан айының соңғы күндерінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына алғашқы ресми сапарымен Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының (ӨКФ) төрағасы Қудратулла Рафиков бастаған делегациясы келді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығына сілтеме жасап хабарлайды.

Өзбекстандық әріптестеріне арналған алғы сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы өз қатарында 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымындағы 2 миллионға жуық жұмыскерді біріктіретін еліміздегі ең ауқымды қоғамдық ұйым екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының құрамына 23 салалық кәсіподақ және 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері кіреді. ҚРКФ төрағасы қонақтарды Федерация қызметінің негізгі бағыттарымен яғни әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі, кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланысты жақсартудың жаңа форматтары, кәсіподақтық онлайн білім марафоны туралы әңгімелеп берді. ҚР КФ басшысы атап өткендей, тағы бір маңызды бағыт халықаралық ұйымдармен және шетелдік кәсіподақ бірлестіктерімен, оның ішінде ХЕҰ және ХКК-мен ынтымақтастық болып табылады. Еске салайық, ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы жақында жұмыс сапарымен Женевадағы Халықаралық еңбек ұйымына және Брюссельдегі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына барып қайтты. Осы ұйымдардың басшыларымен жүргізілген сындарлы диалог нәтижесінде бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Орталық Азия аймағынан келген әріптестерімен қарым-қатынастар туралы айта келе, ҚР КФ төрағасы тәуелсіздік жылдарында Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы адамның лайықты өмір сүруін және еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және халықтың табысын арттыруға өлшеусіз үлес қосқанынын баса атап өтті. ӨКФ – Өзбекстандағы ең ірі қоғамдық ұйым, оның құрамына 6 миллион жұмысшыны біріктіретін 14 салалық және 14 аумақтық кәсіподақ ұйымы кіреді. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, 2020 жылдың мамыр айында су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көрсетілген көмек – тату көршілік пен бауырластық қарым-қатынастың маңызды көрсеткіші болып табылады. Еске салайық, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы өзара келісім бойынша су басқан ауылдардың тұрғындарына 60 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Өзбекстан делегациясының басшысы, Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қудратулла Рафиков бұл сапарды екі ұлттық кәсіподақтар бірлестіктері арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы тарихи оқиға деп атады. Кездесу барысында Өзбекстан Кәсіподақтар Федерациясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

https://www.inform.kz/kz/kazakstan-men-ozbekstan-kasipodaktar-federaciyasy-yntymaktastyk-turaly-kelisimge-kol-koydy_a3856730