8 қарашада рентгенологтар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Рентген – бұл тіндердің және сүйектердің ішкі зақымдануын, сондай-ақ ауруларды анықтау үшін қолданылатын жылдам диагностикалық әдіс.
Рентгенолог – жауапты және өте маңызды медициналық мамандық, онда жоғары технологиялар біліктілік пен тәжірибемен тығыз байланысты. Бұл кәсіпті таңдаған рентгенологтар күн сайын иондаушы сәулемен жұмыс істейді және бұл өте зиянды: осы мамандық өкілдерінің қатерлі ісік қаупі 40 пайызға артады.
Бүгін кәсіби мереке құрметіне Павлодар облысының еңбек сіңірген дәрігер-рентгенологының кәсіби қызметі туралы айтқымыз келеді. Дәмет Габдулгазизова – ШЖҚ “Павлодар облыстық ауруханасы” КМК рентгенологиялық бөлімшесінің дәрігер-рентгенологы. Бас штаттан тыс рентгенолог, “SENIM” Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ Павлодар облыстық филиалының мүшесі.
Дәмет Сағындыққызы еңбек жолын 1978 жылы облыстық ауруханада рентгенолог дәрігер болып бастады. Дәмет Сағындыққызы – жоғары санатты дәрігер, жоғары білікті маман, шебер ұйымдастырушы. Қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін жаңа диагностикалық әдістерді енгізу бойынша жұмысты үнемі жүргізеді. Жоғары білікті рентген диагностикалық зерттеулер жүргізеді.
Перинаталдық рентген диагностикасы бойынша жалғыз рентгенолог дәрігер болып табылады. Сот-медициналық сараптама жүргізеді, әскери-дәрігерлік сараптама жөніндегі комиссияға қатысады. Орта медициналық қызметкерлерді аттестаттау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі болып табылады. Дәмет Сағындыққызы кәсіби өсу мәселелеріне көп көңіл бөледі, үнемі кәсіби білім деңгейін жетілдіріп отырады.
Семинарларға, конференцияларға, шеберлік сыныптарына белсенді қатысады. Жас мамандарды даярлау және тәрбиелеу бойынша да үлкен жұмыстар атқарылуда. Облыстың емдеу ұйымдарына практикалық және консультативтік көмек көрсетеді. Дәмет Сағындыққызы аурухана ұжымында, әріптестері мен емделушілері арасында лайықты беделге және құрметке ие.
Өз кәсібіне адалдығы үшін, облыс халқының денсаулығын қорғауға сіңірген еңбегі үшін Дәмет Сағындыққызы аурухана әкімшілігінің, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының наградаларымен марапатталды, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің “Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.