Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Мұғалім атты қиын да қызықты мамандықты таңдаған жандар балаларға білім берумен бірге әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласады.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, білім беру саласына да қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ. Негізгі бағыт – білім қызметкерлерінің мүддесін қорғау, ұжымдарда жақсы психологиялық климаттың қалыптасуы, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Барлық күш-жігерін мектеп өміріне арнап, болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген Қарқаралы қаласының О.Жәутіков атындағы №1 қазақ орта мектебінің ұстаздары да – осы мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшелері.
Қарқаралы қаласы Орынбек Жәутіков атындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің директоры Сұңғат Құсайнов және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алмагүл Омашева арасындағы қарым қатынас әлеуметтік әріптестік және ынтымақтастық принципінде құрылған.
Мектепте 123 білім қызметкері бар. Олардың барлығы кәсіподақ мүшесі. Мәдени іс-шаралар мен бұқаралық спортты арттыруда және салауатты өмір салтын насихаттауда О.Жәутіков атындағы №1 қазақ орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы аудандық кәсіподақ ұйымымен бірлесіп көптеген жұмыстар атқаруда. Аудандағы кез-келген іс-шаралар кәсіподақ ұйымының қолдауынсыз өтпейтіні мәлім. Мұғалімдердің сабақтан бос уақыттарын тиімді пайдаланып, демалуларына мүмкіндік жасау мақсатында демалыс бөлмелерін ашу үрдісі жалғасуда. Мұғалімдер бос уақыттарында газет-журнал оқып, соңғы жаңалықтарды көріп, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ойнайды. Мектепте еңбек етіп, қазіргі кезде зейнеткерлікте отырған мектеп ұстаздарының мерейтойлары аталып өтіледі. 70, 80, 90 жасқа келген және зейнеткерлік жасқа шыққан ұстаздарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтсақ, Рымкүл Жомарова, Сакина Бошанова, Рымкеш Дөңсебаева , Мағия Сұмағұлова, Мәдиша Әрінова т.б. ұстаздарды айтулы мерейтойларымен құттықтап, алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар әперілді.
«Шынайы және таза қуаныштардың бірі – жұмыстан кейінгі демалыс», – деген екен бір данышпан. Аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан демалыс орындарына, сауықтыру орталықтарына ұсынылған жолдамалармен мектеп мұғалімдері жыл сайын емделіп қайтуға мүмкіндік алып отыр. Бұл да болса, ауыл мұғалімінің оқушы бойына білікті білім мен тәлімді тәрбие бере алуына кәсіподақ ұйымының жағдай жасауы деп түсіну керек.
Балалардың демалу, сауығу және бос уақытын ұйымдастыру бойынша іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында мектеп мұғалімдерінің балаларына арнап жазғы лагерлер жұмыс істейді. Лагерге барған балаларға жыл сайын аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан қаржылық көмек көрсетіледі. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл бойы үш мезгілге бөліп, спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Соның ішінде, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.б. түрлері бар. «Әкем, шешем және мен» атты отбасылық спорт әр мектептерде үнемі өткізіледі. Жеңімпаздар аудандық кәсіподақ комитеті атынан марапатталып тұрады.
«Ұстаздар күніне» және жаңа жылда білім қызметкерлері балаларына арналған шырша мерекесін өткізуге, Наурыз мерекелеріне кәсіподақ ұйымынан қолдау көрсетіліп тұрады. Отбасы жағдайларына, денсаулығына байланысты көмек сұраған мұғалімдерге, қызметкерлерге, жұмыскерлерге қаржылық көмек беріледі. Мұғалімдер көптеген спорттық іс-шараларға қатысады. Жылда аудандық кәсіподақ комитеті ұйымдастыратын қыстық спартакиадада мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімдері елеулі орындарды иеленеді.
Кәсіподақ ұйымы мүшелерімен бірге аудандағы мәдени іс-шаралардың басы-қасында, әсіресе, «Наурыз» мерекесі күндерінде дастархан жайып, аудан адамдарына дәм татырып, көңілдерін көтеруге атсалысады. «Ұстаздар мерекесі», «Қарттар күні» мерекесі аталып өтіп, зейнеткерлік демалыстағы қарт ұстаздарды шақырып көңілдерін көтеріп, бос уақыттарын ұйымдастырады.