Мейірімге толы “Нұрлы жүрек”

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ ақыл-ойында ауытқуы бар 119 балаға 8 әлеуметтік көмек көрсетеді.

«Орталықта балалардың әлеуметтік бейімделуін, потенциалды даму мүмкіндігін, олардың қоғамда әлеуметтендіру мақсатында жүйелі жұмыс жасалады. Басты міндетіміз – ойлау және дене бітімінің кемшіліктерін емдеу, қалпына келтіру, түзету», – дейді «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Қанат Қаныбеков.

Қазіргі уақытта мекемеде 3 жастан 18 жасқа дейінгі 119 мүгедек-балалардың қоғамда бейімделуіне, потенциалды дамуына қолайлы, жан-жақты жағдай жасалған. Балалар даму деңгейіне байланысты қозғалмалы ем, әлеуметтік бейімдеу, әлеуметтік-тұрмыстық бағыт-бағдар беру, әлеуметтік еңбекке үйрету топтарына бөлінген. Стационар бөлімде 16 топ, күндізгі бөлімде 14 топ бар.

Қанат Қаныбековтың айтуынша, дамытып-түзету жұмысы мекеме мамандары әзірлеген баланың жеке даму бағдарламасына сай жүргізіледі. Мекемеде 78 педагог пен мамандар жұмыс жасайды. Соның ішінде 25-і жоғары санатты, 30-ы бірінші санаттағы, қалғандары 2 санаттағы мамандар.

«Мемлекеттің қамқорындағы әлеуметтік орталық барлық қажетті азық-түлікпен, медициналық қызметтермен, негізгі киім-кешектермен және қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Дегенмен, балаларды емдеуге, олардың даму қабілетін қолдау үшін қаржылай көмек көрсетіп отыратын демеушілеріміз де бар. Тұрақты демеушілерімізге көмек етіп, қолдау көрсеткендері үшін зор алғысымызды білдіреміз», – дейді орталықтың директоры Қ.Қаныбеков.

«Әлеуметтік орталықта 318 педагог пен мамандар қызмет етеді. Оның 108-і – кәсіподақ мүшелері. Ағымдағы жылы «Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Ізгілік шуағы» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Акция барысында елорда тұрғындары мен әлеуметтік әріптестер акцияға белсенді қатысып, мекеме тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетті. Кәсіподақ тарапынан көрсетілетін игі шаралар балалардың көңіл-күйінің жағдайына үлкен әсер береді», – деп атап өтті «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Майқанова.