Білім қызметкерлері арасында облыстық турнир өтті

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы ұлттық зияткерлік спорт түрін насихаттау және дамыту мақсатында білім және ғылым қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шахматтан және тоғызқұмалақтан облыстық турнирді ұйымдастырды.

Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, «Visit Center Turkistan» орталығының директорының орынбасары Тұрсынхан Абдукаримов, Халықаралық шахмат ассоциясының мүшесі Қуанышбек Джумадуллаев, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры Алима Сунетіллақызы алғы сөздерін айтып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Турнир швейцария жүйесі бойынша өтілді. Турнирге Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Дене мәдениет» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор  Серік Ақназаров және «ССК Астана» спорт клубының жаттықтырушысы Асхат Құрманғалиұлы төрелік етті. Жарысқа Түркістан, Кентау қалаларынан бөлек Сауран, Сайрам, Сарығаш аудандарының үздік спорт шеберлері қатысты.

Жарыс ережесі бойынша, жеке турнирлердің жеңімпаздары ең көп ұпай саны бойынша анықталды. Екі және одан да көп қатысушылардың ұпайлары тең болған жағдайда, жеребе бағдарламасына енгізілген коэффициент шешеді. Жеке турнирде бірінші орынды анықтау кезінде, егер барлық қатысушылар бір-бірімен ойнаған болса, жеке кездесу негізгі көрсеткіш болып табылады.

Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар турнирдің жоғары деңгейде өтілуіне септігін тигізген және Түркістан қаласының брендтелген өнімдерін қатысушыларға сыйға тартқан «Visit Center Turkistan» орталығының директоры Өткір Амангелдіұлына, «TURKISTAN» телеарнасының продюсері Ұлмира Нұрмаханқызына және облыстық «Farab Library» ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Жанат Садыбекқызына ризашылықтарын білдірді.