Еңбек заңнамасының қолданылуы бойынша оқытулар Арал ауданында жалғасты

Келісу комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.

Осы бағытта «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы Арал ауданаралық ауруханасында семинар-оқу ұйымдастырды.

Семинар-оқуда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева еңбек заңнамасындағы 2020-2021 жылдардағы өзгерістер мен заң нормаларының қолдану тәжірибелері туралы түсіндірмелер жасады. Семинар қатысушыларынан жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілілігі өзгерген, заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары жағдайы, Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымын тараптардың бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындалу тәртіптері нормалары қызу талқыланды.