«АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарының мәселелері келіссөздер үстелінде шешілетін болады

Қарағандыда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарының мәселелерін шешу жөніндегі келісім комиссиясы жұмысын бастады.

Сұрақтар кешеніне: жалақыны көтеру, жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмысшылардың нормативтік санын шешу және басқалар кірді, сонымен қатар келісім комиссиясы 2017 жылғы желтоқсандағы еңбек қақтығысы кезінде шахтер ұжымдарының талаптары бойынша бұрын қабылданған хаттамалық шешімді орындау мәселесіне қайта оралды.

Комиссия құрамына еңбек ұжымдарынан сайланған сегіз көмір шахтасының өкілдері, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ зауыт басқармасының өкілдері, «Жақтау» металлургтер және «Қорғау» көміршілері кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығының, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылары, облыс прокуратурасының, облыстық басқармалардың басшылары, аумағында тау-кен металлургия компаниясының кәсіпорындары орналасқан қалалар мен аудандардың әкімдері кірді.

Бүгін келісу комиссиясы әрбір тармақтың қаралу кестесін бекітуді, регламент белгілеуді, қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілетін күнді айқындауды жоспарлап отыр.

Комиссия мүшелері қысқа мерзімде еңбек ұжымдарымен қойылған барлық мәселелерді қарауды және одан әрі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымдарын хабардар етуді жоспарлап отыр.