Тәуелсіздік – бәріміздің ең басты құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Биыл осынау қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда 30 жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен халқымыз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір десек те болады. Біз осындай жолдан өтіп, азаттығымыздың айшықты белесіне жеткен халықпыз.
Осы Тәуелсіздіктің 30 жылдығының қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде мазмұнды іс-шаралар өткізілуде.
Салауатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру мақсатында Нұра аудандық мұғалімдер кәсіподақ ұйымының бастамасымен Нұра жалпы білім беретін мектебінде Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған волейбол және теннис турнирі ұйымдастырылып өткізілді.
Бұл жарысқа ұстаздар қауымы қатысты. Аймақтық кезеңде жүзден жүйрік шыққан 7 команда бақ сынасты. Тартысты доданың ашылу салтанатында мектеп директорының міндетін атқарушы С.Бердешова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сөз кезегін алған аудандық мұғалімдер кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Мұстафин өзінің құттықтау сөзінен кейін, кәсіподақ ұйымы атынан жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде ерекше көзге түскен мұғалімдер мен мектеп жұмыскерлерін марапаттап, оларға сыйлықтар табыстады. Бұдан кейін аудандық білім беру және спорт бөлімінің маманы Ж.Имашев қатысушыларды ережемен таныстырып, шараның мақсатын анықтап берді. Сонымен, спорттың төресіне баланатын волейбол ойынынан ақтық сайысқа іріктелген 7 команда қатысты. Бас төреші Ғ.Идрисов тартқан жеребе негізінде ойын басталып кетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Кәрім Мыңбаев атындағы мектебінің ұстаздары үздік деп танылды, 2-орын тұғырынан М.Дулатұлы мектебі көрінді. Ал, үздік үштікті А.Байтұрсынов атындағы мектеп түйіндеді.
Төрешілердің әділ шешімімен теннис ойыны бойынша М.Дулатұлы мектебі командасы жеңіске жетті. Аудандық білім беру бөлімінің командасы 2-орынды еншіледі. Нұра ЖББ мектебінің теннисшілері үшінші жүлдені қанағат тұтты.
Сонымен, волейбол, теннис ойындарынан өткен турнир өте тартысты, қызықты өтті.