Эндокринолог – бұл эндокриндік жүйенің жұмысына байланысты ауруларды диагностикалаумен, емдеумен және алдын-алумен айналысатын дәрігер.
Мамандардың қызмет саласы – қалқанша безінің бұзылуынан, бүйрек үсті бездерінің, гипоталамустың, гипофиздің нашар жұмыс істеуінен туындаған аурулар. Сонымен қатар, эндокринолог организмдегі көмірсулардың метаболикалық процестерінің бұзылуымен байланысты мәселелермен айналысады, бұл көбінесе артық салмақтың пайда болуын немесе оның жетіспеушілігін тудырады.
Гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуы ең ауыр ауруларға әкелуі мүмкін (соқырлық, аяқ-қол ампутациясы, бүйрек жеткіліксіздігі салдарынан мүгедектік).
Қант диабеті – бұл ұйқы безі инсулин жеткіліксіз болған кезде немесе организм өзі шығаратын инсулинді тиімді пайдалана алмайтын жағдайларда пайда болатын созылмалы эндокриндік ауру. Өкінішке қарай, әлемде қант диабетімен ауыратын адамдар көп болғандықтан, өлім-жітім бойынша ол үшінші орында, бірінші және екінші орында – жүрек аурулары мен онкология.
Сондықтан эндокринологтардың жұмысы өте маңызды және құнды.
Кәсіби мерекеге орай Павлодар облысының эндокринолог дәрігерінің кәсіби қызметі туралы әңгімелекпіз.
Жұмабаева Гүлмира Азаматқызы – “Павлодар қаласының №4 емханасы” ШЖҚ КМК эндокринолог-дәрігері, “Senim” Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” РҚБ Павлодар облыстық филиалының мүшесі.
Гүлмира Азаматқызы 1992 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. Екібастұз қаласында эндокринолог дәрігер ретінде кәсіби қызметін бастады. Содан кейін Павлодар қаласының № 3 және № 2 емханаларында эндокринолог-дәрігер лауазымында жұмыс істеді және 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Павлодар қаласының №4 емханасында жұмыс істейді. Жалпы еңбек өтілі – 29 жыл.
Гүлмира Азаматқызы жоғары білікті маман және сауатты ұйымдастырушы, жақсы теориялық және практикалық дайындығы бар. Пациенттерді тексеру мен емдеудің заманауи әдістерін меңгерген, эндокриндік жүйе жұмысымен байланысты ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу саласындағы соңғы жетістіктерге қызығушылық танытады, оларды өз жұмысының практикасына енгізеді.
Гүлмира Азаматқызы емхана жанындағы диабет мектебінде сабақ жүргізеді. Үлкен практикалық тәжірибесі бар білікті маман ретінде ол үнемі әріптестеріне көмек көрсетеді, өз тәжірибесімен және білімімен бөліседі. Өзінің кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады. Конференциялар, семинарлар мен мастер-кластар жұмысына белсенді қатысады.
Еңбек жолында емханалар әкімшілігінің, Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының, Екібастұз қаласы әкімінің марапаттарымен марапатталды.