Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А.Әмірғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдары мен Ішкі істер министрлігінің алдына қойылған полицияның сервистік моделін енгізу және өңірде цифрландыруды дамыту жөніндегі міндеттердің іске асырылу барысымен танысты.
Облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Қ.Алиев қатысушыларға облыстағы криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы, сондай-ақ ІІМ жүйесінде жүргізіліп жатқан реформа шеңберінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Ағымдағы жылы облыс орталығында 5 стационарлық полиция бекеті орнатылды, онда азаматтар тәуліктің кез келген уақытында барлық сұрақтар бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ, біз ең криминогендік учаскелерді анықтадық. Ал Жол картасын жүзеге асыру аясында 5 жыл ішінде 12 стационарлық модульдік бекет пен 16 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланған. Облыста сервистік модельді енгізу процесі ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан басталды.
Одан әрі Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты, оларға телефондағы қосымшаның көмегімен қылмыстар мен оқиғалар туралы бейне хабарлама жіберуге болатын “Омниканалдылық” жүйесінің жұмысы көрсетілді. Қанат Алиев депутаттарды “Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесіне” өткізіп, модульдік стационарлық бекет пен учаскелік полиция пунктінің жұмысымен таныстырды.