Кәсіподақ өкілдері ҚР Қоғамдық кеңестері қауымдастығының төрағасымен кездесті

Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшелері ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің «Философия, саясаттану және дінтану институты» бас директоры, академик, ҚР Қоғамдық кеңестері қауымдастығының төрағасы Сейдуманов Серік Тұрарұлымен кездесті.

Кездесу барысында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев бірқатар ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.

Бауыржан Ілімшеұлы еңбек ұжымдарында ұжымдық шарттардың орындалуы, жұмыспен қамтылған азаматтың өз еңбегі үшін дер кезінде лайықты жалақы алуы мәселелері қоғамдық кеңестің назардан тыс қалмай, еңбек адамының жалақысы нарықтағы азық-түлік, коммуналдық қызметтер бағасына сай индексацияланып отыруы үшін бақылауда болуы керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, жұмыссыздық мәселесін шешу бойынша баяндамаларды естіп қана қоймай, бақылауды күшейту керек екенін атап өтті.

Серік Тұрарұлы айтылған мәселелердің орынды екенін жеткізіп, қоғамдық кеңес осы бағытта жұмыстарды бақылауда ұстағанын құптап, жазып алды.