Кез келген мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Оған қоса, сол мамандыққа, кәсіпке деген адамның ерен ықыласы, сүйіспеншілігі болу керек емес пе?! Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы бола білген абзал жандардың алдыңғы легінде Сания Ерсінбекқызын атап өткен жөн.
Сания Ерсінбекқызы 1987 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогика училищесінде “Мектепке дейінгі тәрбие” мамандығын алып, еңбек жолын мектепке дейінгі білім саласынан бастап, бала тәрбиесінде үздіксіз 33 жыл қызмет етіп келеді. Сания Ерсінбекқызы осы жылдар аралығында жас ұрпақты саналы да, салауатты етіп тәрбиелеу жолында ерінбей еңбек етіп, шығармашылығын шыңдап, саналы өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, балалар мен ата-аналардың ықыласына бөленуде.
2008-2016 жылдар аралығында “Айжұлдыз” бөбекжай-балабақшасында кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін атқарған Сания Ерсінбекқызының ұйымдастырушылық шеберлігі мен еңбекқорлығын бүкіл ұжым қатты бағалайды.
Осы еңбек жолында бірінші санаттағы білікті тәрбиеші Сания Ерсінбекқызы көптеген марапаттарға ие болды. Ол өзінің мектепке дейінгі қызмет саласындағы мол тәжірибесін өзге де тәрбиешілермен, жас мамандармен бөлісіп, үйретуден жалыққан емес.