Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесінде Салалық кәсіподақ филиалы Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің төл мерекесін салтанатты түрде атап өтті.
Оған орман шаруашылығында жұмыс жасап жүрген бастауыш кәсіподақ өкілдері, ардагерлер, еңбек озаттары, кәсіподақпен тығыз байланыста жұмыс жасап жүрген әлеуметтік әріптестер шақырылды.
Салтанатты жиынға «Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев қатысты.
“ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауында мемлекеттік орман қоры жерлеріне 2 миллиардтан астам, елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу қажеттігі туралы тапсырмасына орай, Ақтөбе облысының әкімдігі жан-жақты шараларды қолға алды. Биылғы жылы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі орман шаруашылығы мекемелеріне Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Шалқар, Мәртөк, Темір, Ойыл, Қобда аудандық орман шаруашылығы басшыларына жаңа тракторлардың кілтін табыстаған болатын. Сондықтан, біз де кәсіподақ тарапынан облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде еңбек етіп жүрген кәсіподақ мүшелерін кәсіби мереке қарсаңында марапаттауды ұйғардық”, – деп атап өтті Салалық кәсіподақ филиалының төрағасы.
Салалық кәсіподақтың 2-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен «Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ-нің қызметшісі Амантай Сатыбалдин және 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Марат Құспанов, Қамза Акдавлетов, Шаки Боханов марапатталды. «Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ-нің қызметкерлері Малик Уразалин, Сұлтанғали Баймуханеов, Бауыржан Бижанов, Садуакас Жумагазин, Амандос Айтжанов және Дауит Иктияров еңбектегі жетістіктері үшін ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды.
Елді мекендерді абаттандыру мен орман шаруашылығын дамытуға ерен еңбегімен, үлкен жауапкершілікпен үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне кәсіби мереке қарсаңында осылайша қолдау көрсетілді.