Қызылорда облысы агроөнеркәсіптік өңір саналады және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аймақ елеулі үлес қосып келеді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесі қарсаңында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мақсұт Нәлібаев және «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Толыбай Жүсіпов Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөнеркәсіптік кешендегі облыстық аумақтық инспекция ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев ел егемендігін алғаннан бергі уақытта облыс көлемінде ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген нәтижелі жұмыстарды атап өтіп, аграрлық өңіріміздің салада еңсерген елеулі өзекті мәселелері туралы сөз қозғады. Жиынға қатысушыларға жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін білдірудегі облыстық кәсіподақтардың жұмыс бағыттары мен ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағымен ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы ақпарат берілді. Кәсіподақтардан еңбек ұжымына Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай құттықтау арналып, инспекцияның бірқатар кәсіподақ белсенділеріне марапаттар табысталды.