Кәсіподақ еңбек адамының мүддесін қорғайды

Кәсіподақ – еңбек адамының мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін қорғайтын пәрменді ұйым. Еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, педагогтарға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету, ұжымдағы еңбек дауларын оңтайлы шешу – кәсіподақ ұйымдарына жүктелген маңызды міндеттердің бірі.

Ұжымдарда еңбек даулары, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы өзара түсініспеушілік жиі орын алып отырады. Туындаған мәселелердің түйіні көбінесе әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің негізінде шешіліп жатады. Кәсіподақ жұмыс берушімен келіссөздер жүргізіп, екі тарап бітімге келеді.

Мәселен, 2021 жылдың қаңтар айынан бері Ақтөбе облыстық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы 400-ден астам мұғалімге құқықтық кеңес берді. Білім беру мекемелеріне жүргізілген қоғамдық бақылаулар қорытындысы бойынша 150-ге тарта заңбұзушылық анықталды.

Педагогтардың басым көпшілігін әртүрлі әлеуметтік төлемдер, қосымша ақылар, сабақ жүктелемерін бөлу, сауықтыру жәрдемақыларын төлеу, демалыс күндерін есептеу сияқты сұрақтар мазалайды.

Ұжымдарда орын алған осындай кикілжіңдерді шешу жолдары «Еңбек даулары, олардың туындау себептері. Келісу комиссиясында еңбек дауларын шешу тәртібі» тақырыбында өткен семинарда жан-жақты түсіндірілді.

Оқыту семинары «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева, құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева және жетекші маман-кеңесші Гүлзат Бралинаның қатысуымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің конференция залында өтті. Шараға Ақтөбе қаласындағы жоғары, кәсіптік және техникалық, мектепке дейінгі, орта, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары, олардың орынбасарлары, кадр қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және келісім комиссияларының мүшелері шақырылды.

Елордалық әріптестер кәсіподақ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, әдістемелік көмек көрсетті. Барлық қатысушыларға сертификат табысталды.